«Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Тіл – қай елде болмасын қастерлі, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны, әрі ары. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт-дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі – ана тілі.

Тіл байлығы – елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс. Жалпы, ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында тіл мәселесі көтерілгені баршамызға аян. Аталған жолдауда Мемлекет басшысы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы жуырда жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деп мемлекеттік тіл мәртебесіне назар аударды.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

  Бүгінгі таңда тілдерді қолдану мен дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Тіл саясаты мемлекеттің нығаюына тікелей байланысты.

Ал, «Қазақстан республикасындағы тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деп атап көрсетілген. Осыған орай іс жүргізіп отырған тілді білмейтін немесе жөнді түсінбейтін адамдарға – сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы қамтамасыз етіледі.

Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Сондықтан мемлекеттік тілді ұлттық идея етіп, өз тілімізде сөйлеп, ана тілімізді құрметтейік! Бұл біздің болашағымыз!        

А.Нысанбаева,

Жаңақорған аудандық сотының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!