«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді Қадыр ақын. Қазір өзге тілді үйренем десең, шек жоқ. Дегенмен шұбарлап сөйлеу трендке айналып барады. Тіпті көшеде қате көрсек, үйреншікті нәрседей бейқам жүре береміз…
Осы айтқандарыммен өзімді мінсіз, басқаны мұңсыз қылып жатқаным жоқ. Бұл тақырыпты көтеру маған оңайға түспеді. Өмірімнен осы бір жайтқа мысал ретінде алып қарайтын мәселелер көп-ақ. Соның бірі қоғамдық көлікте болған жағдай.
Қасымда отырған қарт кісі маған ұялы телефонын нұсқап, орыс тілінде қалай төлем жасауға болатынын сұрап әлек. Мен ол кісіге түсіндіріп әлекпін. Бірақ әжейдің не айтқысы келгенін мүлде ұқпадым. Алдымда отырған қыз қазақша былай болады деп айтып еді, әлгіндегі қарт кісі қазақша сайрай жөнелді. Осы жерде мен ұят нәрсе істегендей өзімді қоярға жер таппадым. Мұнымен ол кісінің айтқан мәселесін түсіндіре алмағаныма емес, «қазақ тілінде сөйлеуге қауқарымның жетпегені ме?» деп өзімді түйредім. Ата-бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле-өлгенше қорғап өткенде, біз не үшін ұят болады деп өзге тілде сөйлеуіміз керек?
Италиялық жиһанкез, кәсіпкер Реналью Гаспирин «Мен әлемнің 141 елін араладым. Солардың ішінде өз жерінде тұрып, өз тілінде сөйлемеген елді көрдім» деп бізді меңзегені әлі де есімде. Бірақ одан кейін не өзгерді?
«Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін, Сол тілменен ойнадым далада еркі. Сол тілменен бірінші сыртқа шығып, Өмірде ен далада ұққан көркім» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров атамыз айтқандай, бар білімді бойымызға ана тіліміз арқылы дарытқан, көзімізді ашқан дара тілде сайрап жүру біздің мойнымызда. «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды»…
Аружан СЕРІКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!