Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына басқа өңірлерден баратын мұғалімдер екі есе жоғары жалақы алады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін палата отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова мұғалімдердің жетіспеушілігі мен білім беру сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерді қолдау мақсатында үздік педагогтерді тартуға қатысты әлеуметтік қолдау шараларының тиісті топтамасымен әзірленген арнайы бағдарлама бар екенін еске салды.

«Оны іске асыру үшін нақтыланған республикалық бюджет жобасында Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына екі мыңға жуық педагогті тарту үшін 3,9 млрд теңге көзделген. Бұл ретте аталған қаражатта лауазымдық жалақыға 150 пайыз мөлшерінде жалақыға ынталандыру үстемақысын белгілеуге ғана арналған шығыстар жоспарланған. Біз әлеуметтік қолдауға бағытталған басқа шығыстарды көрмей отырмыз. Осыған байланысты бақа елді мекендерден көшіп келген мұғалімдер үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қоса алғанда, әлеуметтік топтама қандай болады?», – деп сұрады депутат.

Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл бағдарлама биыл қыркүйек айынан басталатынын айтты.

«Осы қарастырылып отырған 3,9 млрд теңге екі мәселені де қамтып отыр. Біріншіден, мұғалімдердің екі есе жалақы алуы және бұған қоса тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды төлеу ескерілген. Неге біз бұл мәселені жалақының ішінде қарастырып отырмыз? Біздің заңнамаға сәйкес, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемақыны тек жергілікті бюджеттен бере аламыз. Сондықтан жергілікті бюджетке ауырпалықты түсірмес үшін және заңнаманы бұзбау үшін бұл мәселені жалақы арқылы шешіп отырмыз. Мәселен, Мұнайлы ауданына көшіп баратын мұғалім қыркүйек айында жалақы алатын болса, онда оның жалақысы 790 мың теңгеге жуық болады. Сол 790 мыңның 140 мыңға жуығы коммуналдық шығындар болады, ал 650 мың теңгеге жуығы – мұғалімнің өз жалақысы», – деді министр.

Бұл тұрғыла ол ведомствоның бұйрығында және мұғалімнің алған түбіртегінде осы мәселе жазылатынын атап өтті.

Осы тақырыпқа байланысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған қадамдар қосымша сұрақтар тудыратынын айтты.

«Неліктен төрт өңір ғана қамтылған? Екіншіден, басқа өңірден Мұнайлы ауданына келген ұстаз екі есе жалақыны артық алады. Сонда жергілікті ұстаз екі есе төмен жалақы алып, бірақ жүктемесі сонымен бірдей болады. Сол жағынан жергілікті мұғалімдерден наразылық туындамай ма? Бұдан бөлек, екі мың білікті маманды мектептерге алып келеміз деп айтып отырсыздар. Осы орайда түпкі мақсат қандай, яғни ұстаз тапшылығын жою ма, әлде соларды үлгі тұтып, жергілікті жерлердегі мектептердің білім сапасын арттыру ма? Сонымен қатар басқа облыстарда тапшылық жоқ па?», – деп сұрады Мәжіліс төрағасы.

Білім министрі аталған төрт өңірге не себепті таңдау жасалғанын түсіндірді.

«Төрт өңірді таңдау екі критериге сәйкес жүргізілді. Біріншіден, төрт өңірде мұғалім тапшылығы жоғары деңгейде. Екіншіден, бұл облыстарда білім беру сапасы бойынша халықаралық әрі өзіміздің зерттеулер аясында ең соңғы қатарда тұр. Сондықтан осы өңірлерді таңдап алдық. «Әлеуметтік теңсіздік бола ма» деген тәуекеліне тоқталсақ, менің ойымша, мұндай тәуекел болмайды. Неге? Жалпы, бізде 350 мың мұғалімнің жалақысын төлеу жүйесі бірдей. Бірақ бірдей болғаннан кейін, екі мұғалім бір мектепте жұмыс істеп жатса, яғни жалақысы мен жүктемесі бірдей қойылса да, біліктілігіне сәйкес қазірдің өзінде айырмашылығы болады. Мысалы, оның «шебер» деген біліктілігі болса, 50 пайызға жалақы артық алады. Ал магистратура дәрежесі болса, онда ай сайын 30 мың теңге үстемақы төленеді. Сол сияқты бұл жерде де қосымша шарттар қосылып отыр. Егер сол мектептегі мұғалімнің өзі басқа тапшылығы бар жерге көшіп барса, екінші шарт – ол мұғалім біздің тиісті емтиханнан өте алса, бұл мұғалімде дәл осындай жалақы алуға мүмкіндігі бар», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр аталған бағдарлама мұғалім тапшылығы мен білім сапасын көтеруге ықпал ететін болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова еліміздің қай өңірлеріндегі мұғалімдер жоғары жалақы алатынын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!