Соңғы жылдары аймақтағы білім беру ісін­де айтарлықтай алға жылжу байқалады. Әсі­ресе, білімді шәкірттер таным биігін танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізуде. Әлемдік білім додаларынан оқ бойы озық шығу арқылы ЖОО-да тегін оқу мүмкіндігіне ие болғандар да жетерлік. Бұл бағыттағы Қызылорда қала­сындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі жағымды жаңалық тіпті қызық. Бір сыныптан 4 оқушы шетелдік университеттен шақырту алып, білім грантының иегері атанған. Енді олардың Италия мен Мажарстанның беделді жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік бар.

Білім грантының алғашқы иегері – Аида Даниярова. Ол Будапештегі Корвин атындағы университетпен Обуда универси­тетінде оқуға грант жеңіп алды. Бұл екі оқу орны деректер ғылымы мен электротехник секілді заманауи мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Мұнан бөлек Аида тағы 10-нан аса шетелдік ЖОО-на құжат тапсырып, әртүрлі жеңілдікпен оқуға шақырту алып отыр.
Нұржан Бишенбек те «Stipendium Hungaricum» үкіметара­лық бағдарламасы арқылы тегін оқуға ие болған жас түлектің бірі. Білімді жас Мажарстандағы 5 топ университеттің құрамына кіретін Debrecen University мен Budapest University-не азаматтық құрылыс мамандығы бойынша оқуға қабылданды.
«Үміткерлерді таңдау екі кезеңді қамтыды. Алдымен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының комиссиясымен сұхбаттасу өтті. Бұл арқылы болашақ мамандық бойынша білімім мен тілдік дағдыларым бағаланады. Келесі кезеңде грант тағайындайтын ұйымның іріктеу конкурсына қатыстым. Үш тілді жетік меңгеруім, әртүрлі деңгейдегі жобалардағы белсенді болуым және оқудағы орташа баллдың жоғары болуының арқасында оқуға қабылдандым», – дейді жас түлек.
Білім мен еңбек арқылы сәттілікті серік еткен жастың бірі – Нұрмұхаммед Оразбек. Ол Дебреценнің ең ірі оқу орнынан шақырту алып, отбасын қуанышқа кенелтті. Оқу ақысын, ай сайынғы қаржылай көмек пен жатақханаға орналасу мүмкіндігіне ие болған дарынды жас электротехник саласының қыр-сырын меңгеруді жоспарлаған. Сонымен қатар Нұрмұхаммед Түркия мен ҚХР-ның үздік ЖОО-на құжат жіберіп, нәтижесін күтуде.
Үздік төрттікті түйіндеген Камила Жеңісова болса, дүниежүзіндегі ең ірі қауымдастық — «Утрехт желісі» құрамына кіретін Болонья университетіне баруы ықтимал. Ол Италиядағы жетекші оқу орнына «Экономика, саясат және әлеуметтік ғылымдар» бағдарламасы бойынша оқуға қабылданды. Айта кетейік, бұған дейін Камилла ағылшын тілі деңгейін анықтайтын халықаралық IELTS емтиханынан жоғары 8 балл жинап, мектеп мерейін үстем еткен болатын.


Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!