Фото: Stan.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып мемлекеттік тілді дамытуға арналған QAZAQ TILI қорына жарна аударған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

QAZAQ TILI Endowment қорына президент  7 миллион теңге жеке жарна аударды. 

Қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету.

“Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады”, – деді қордың негізін салушы Рауан Кенжехан.

QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.

Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін  дамыту, сонымен қатар қазақ тілін қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!