Осыдан 3-4 жыл бұрын Оксфорд университетінің құрметті профессоры, құқық саласындағы әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» атты кітабы жарық көрді. Тың туындының электронды нұсқасын парақтап, «Болашақта мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұр, жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін» дегенді оқығанда күдік ұялағаны рас. Дегенмен нарықтың қай салаға да өзгеріс енгізетіндігі күннен күнге біліне бастағандай.

Ричард Сасскинд бұл еңбегінде біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін деген пікір білдірген. Ал екіншіден, технология кез келген саладағы проблеманы шешудің тиімді тәсіліне айналатындықтан қызметкердің жұмысынан айырылу қаупі барын көрсеткен. Бұған қоса профессор біздің ойымызға кіріп те шықпаған құрылыс экоаналитигі, ГМО-агроном, биоэнергетик, робоэтика бойынша қорғаушы, қоршаған ортаны қалпына келтіру менеджері, криптовалюта банкирі секілді мамандықтардың қарқын алатынын алға тартқан. Әрине, әзірге мұның қашан пайда болатынын дөп басу қиын. Алайда біз ол күнге жақындап келе жатырмыз. Қоғамда нарық қажет ететін, сұранысқа сай, бұрын болмаған өзгеше мамандықтар пайда болуда. Оның үстіне жер-жерде «Жаңа мамандықтар атласының» қолға алынуы бұл болжамды нақтылап отыр. Жақында «BTS Education» компаниясының басшысы, «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасының жетекшісі Саясат Нұрбекпен фейсбук желісінде тілдескен едік.

Бұған дейін де сарапшы Сыр өңіріне келіп, салаға қатысты жаңашылдықтарды таныстырған болатын. Оның айтуынша, алдағы 10 жылда есепшілер, кран, трактор жүргізушісі сынды мамандықтар жойылады.

Ал жаңадан пайда болатын түрлері ақпараттық технологиямен тікелей байланысты. Тіпті дәнекерлеуші, агротехник, медицина қызметкері IT біліктілікті меңгермесе, ісінің алға басуы екіталай.

«Нақты қай индустрия туралы сөз қозғайтынымызды алдын ала  анықтап алған жөн. Себебі еңбек нарығы көпсалалы. Әр салада әртүрлі кәсіп танымал. Мәселен, банк секторында тәуекел-менеджері сұранысқа ие болса, фармацевтикада сату мамандары мен GR-менеджерлер қажет. ІТ-саласында көбіне құрастырушылар мен sales-менеджерлерді іздейді. Кейбір мамандықтар еңбек нарығынан мүлде жоғалып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Неге десеңіз, Қазақстанның стратегиялық құжаттарында көрсетілгендей, технологиялық модернизация, индустриялық революция кешенді өзгерістерді алып келді. Біз білім саласында осы дүниені ең бірінші мәселе ретінде көріп, жаңа мамандықтарды анықтау жұмысын қолға алдық. Ол 9 саланы қамтиды. Барлық мамандық 3 топқа бөлінген. Оларға ескірген мамандықтар, түрленіп жатқан және жаңа мамандықтар кіреді. Болашақта 239 жаңа мамандық пайда болады, 129-ы жойылып, 95-і қатты өзгеріске ұшырауы мүмкін. Егер бұрын архитекторлар жобаларды қолмен сызатын болса, бүгінде оларға «AutoCAD», «ArchiCAD» және басқа компьютерлік бағдарламалар көмекке келеді. Комбайнның өзін джойстиктің көмегімен қашықтан басқаруға болады», – дейді С.Нұрбек.

Сарапшы елімізде кондукторлар, кинотеатр, театрларда немесе ойын-сауық орталықтарында билеттерді қадағалап отыратын адамдардың еңбек нарығындағы сұранысы күрт төмендейтінін айтты. Олардың орнын терминал алмастыра бастайды. Сонымен қатар банк тұтынушысына қызмет көрсететін менеджерлердің де еңбек нарығындағы үлесі азаяды. Қазірдің өзінде «Кaspi Bank» карточкаларын банк қызметкерлері емес, терминалдар даярлап беретін болды. Сондай-ақ, алдағы 3 жылда жұмысшы мамандықтарға, яғни құрылыс-техника саласына мемлекеттік грант көп бөлінетінін хабарлады. Білім және ғылым министрлігі оның 30 проценттен астамы осы салаға бағытталатынын мәлімдеген. Бұдан бөлек, тау-кен, мұнай-газ ісіне жаңа кадрлар қажет. Бұл тізімге денсаулық сақтау саласын да қосыңыз. Себебі пандемия әлем бойынша бір ғана эпидемиолог мамандардың тапшылығын көрсетті. Егер сіз балаңыздың болашақта қай мамандыққа икемді екенін анықтағыңыз келсе, сілтеме арқылы (/https://www.enbek.kz/atlas) тесттен өтуге болады. Нәтижесінде дағдылар бойынша бірнеше сала ұсынылады және мұнда жұмысқа байланысты сұраныс, еңбекақы туралы статистикалық мәліметтер қамтылған. Бұл қызмет тегін.

Саясат Нұрбек болашақта жұмыс беруші қызметке үміткердің бойынан тәжірибе мен кәсібиліктен бөлек әмбебаптылықты іздейтінін де алға тартып отыр. Өйткені процестердің оңтайландырылуына байланысты қызметкерлердің міндеті артты. Егер бұрын компанияда жекелеген бөлімдер көп болса, қазір бүтін бір бөлімнің орнына бір ғана әмбебап маман жұмыс істейді. Ол тікелей қызметімен қатар әкімшілік, азаматтық және еңбек құқықтарына қатысты сұрақтарға жауап береді. Бұл әрбір кәсіптің уақыт өте қарқынды трансформациядан өтетінін айғақтайды. Икемділік пен бейімділік керек. Көп ұзамай бірнеше маманның орнын өзін әр бағытта дамытқан, бір әмбебап маман ғана алмастыруы бек мүмкін. Сондықтан бізге осындай құнды кеңестерге құлақ түре жүрген жөн.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!