Шаһардағы білім беру саласы ел көлеміндегі оқу-тәрбие үдерісін игеріп, елеулі қадам жасап келеді. Білім ордалары заманауи әдістемеге сүйеніп, тәрбие берудің жаңа моделін жасап, аймақтағы жастардың болашағын қалыптастыруға күш салуда. Нәтижесінде құры­лымдық, жүйелік ерекшелікке негіз­делген нысандар білімді жастың талпынар бағдарына айналды. Осындай ерекше білім шаңырағының бірі – Сералы Лапин атындағы №261 орта мектеп. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп директоры Қарлығаш Әбдірахмановамен жүздесіп, білім беру ісіндегі өзгерістерге қаныққан едік.

– Жаңа оқу жылы басталғалы ұзтаз бен оқушы арасындағы байланыс нығайып, білім беру ісі қайта жанданды. Жаз айла­рында қыркүйекке дайындық күшейіп, тыңғылықты жұмыс атқарылғаны анық. Осы орайда биыл мектептің материалдық-техникалық базасында нендей жаңалық орын алды?
– Әрбір оқу жылы жаңа мүмкіндікпен қатар жауапкершілік те жүктейді. Себебі оқушылардың жүйелі, үздіксіз білім алуы үшін мұғалімдер құрамы мен оқу процесінде ешқандай мәселе болмауы шарт. Сол үшін оқу жылы басталар алдында қалалық білім бөлімімен бірлесе дайындық барысын тиянақтап, қажетті оқу-құрал, материалдық-техникалық жабдықтарды толықтыруға күш саламыз. Мысалы, биылғы оқу жылында 28 интерактивті тақта және 10 видеопроектор қолдануға берілді. Мектептің 20 сыныбына 336 дана парта әкелінді. Қазіргі таңда жаңа парта пайдалануға беріліп, оқушылар білім алуда. Алдағы уақытта мұғалім мен оқушы үшін жасалатын жағдай жалғасын таба бермек.
– Оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге байланысты қандай шара жүргізілді?
– Әрине, оқушының жазғы уақытын тиімді өткізуі оның үлгерімі мен тәлім-тәрбиесіне әсер етеді. Отбасымен уақыт өткізіп, бірге демалған оқушы сергек әрі ақпаратты қабылдау деңгейі артады. Осыны ескере отырып, балалардың жазғы демалыс уақытын ұйымдастыру мақсатында жалпы міндетті оқу қоры есебінен тынығу лагері ұйымдастырылды. 60 оқушы мектепішілік демалыс шарасына қатысса, 30 оқушы Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне баруға мүмкіндік алды. Жазғы тынығу лагерінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы жоспар құрылды. Атап айтар болсақ, дене шынықтыру жаттығуын ұйымдастыру, түрлі өнер үйірмелерін жүргізу ісі жүйелі жолға қойылып, ата-ана мен бала арасындағы байланыс та назардан тыс қалмады.
– Мектеп өткен оқу жылын қалай қорытындылады? ҰБТ көрсеткіші көңіл көншітті ме?
– Әрбір түлектің білім көрсеткіші – мектеп абыройы. Өткен оқу жылы мектепті 41 оқушы бітіріп, оның 35-і Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты. Оның ішінде 22 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Өткен жылы талапкерлер арасында педагогикалық мамандыққа түсушілердің көрсеткіші басым болды. Оқушыларымыздың педагогикалық мамандықтарды таңдап, болашақта ел болашағы үшін қызмет жасап, мұғалім болуға талпынуы қуантады. Берген білім мен сіңірген тәрбие шәкірттерді тура жолға бастайды.
– Мұғалімдердің жалақысы көбейіп, материалдық жағдай біршама оңалғаны белгілі. «Алмақтың да салмағы бар» демекші, ұстаздарға қойылатын талап күшейіп, жұмысқа қабылдау жүйесі қатаңдатылды. Білім ұясындағы ұстаздар құрамы туралы айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, шәкірттің жетістікке жетуі, білім шыңын бағындыруы ұстаздың педагогикалық қабілетіне тікелей байланысты. Осы орайда мектептегі мұғалімдер құрамы тындырымды тірлік атқаруда. Бүгінде мақтанып айтатын 2 пе­да­гог-ше­бер, 45 педагог-зерттеу­ші, 54 педагог-сарапшы, 62 педагог-моде­ратор бар. Биылғы оқу жылына аттестаттау комиссиясы құрылды. 2022-2023 оқу жылында біліктілік санатынан өтетін мұғалімдер дайындық үстінде. Оқушылармен жұмысты жетілдіру мақсатында мұғалімдер Беларусь, Ресей мемлекеттерінде тәжірибе алмасып келеді.
Биылғы оқу жылында мұғалімдер биология пәні бойынша тәжірибелік және факультатив, үйірме сабақтарын жылыжайда өткізеді. Жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан өсімдіктердің тұқымы егіліп, өнім алуға мүмкіндік мол. Іштегі ауа температурасына байланысты автоматтандырылған смарт-терезелер мен қажетті құрал-жабдықтар ойға алған мақсатты орындауға жол ашты. Алдағы уақытта жылыжай өнімдерін мектепаралық жәрмеңке аясында шығару жоспарланған.Тағы айта кетерлігі, мұғалімдер оқушыларды ғылыми жобаларға жылыжай мен гидропоникада жұмыс істеу арқылы дайындайды.
1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалары жоғары бағаланып келеді. Мысалы, «Зерде» республикалық конкурсының қалалық кезеңінде оқушыларымыз жүлделі орын алып, жоғары нәтиже көрсетуде. Оқушылар өткен оқу жылы «Үздік жасыл мектеп» қалалық, облыстық экологиялық жобалар байқауынан І орын иеленді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!