Әр университет шекті балды өзі белгілейді
Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Сондықтан да ел алдында саланы әлемдік өркениет талаптарына сай ету мақсаты тұр. Жаңа жемісті реформалар мен бастамалар да күн тәртібінде.
Алдымен ҰБТ-ны алайық. Жылда бақ шабатынын не бап шабататынын уақыт көрсетеді деп түлектер жүреді. Ойдағы нәтижеге қол жеткізбегендер ақысыз оқудан қағылатыны тағы бар. Бірақ биыл жаңа өзгеріс енді. Жақында Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Амазат Мәмбетов түлектерді жағымды жаңалықпен қуантты. Оның айтуынша, енді ҰБТ-дан өте алмаған түлектер жұмыссыз қалмайды. Олар «Алғашқы жұмыс орны» жоба аясында 2023 жылдың аяғына дейін 300-ге жуық жаңа жұмыс орны қамтылмақ.
«Бұрын «Жастар практикасына» жолданған жастардың еңбекақысы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленсе, қазір 30 айлық көрсеткішке дейін өсті, жұмыс мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу кезеңінің ұзақтығы 1 жылдан 18 айға дейін, еңбекке төленетін ақы мөлшері 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейіп отыр. Сондай-ақ, биылғы жылдың жаңалығы «Алғашқы жұмыс орнына» ҰБТ-дан өтпей қалған түлектер де қабылданады», – деді басқарма басшысы.
ҰБТ-ға қатысты тағы бір өзгеріс бар. Енді әр университет ҰБТ-дағы шекті балды өзі белгілейді. Оқушы университет сайттарынан қанша балл арқылы оқуға түсуге болатынын біле алады. Содан кейін барып құжат тапсырады. Бұл мәліметті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев былай түсіндірді.
«Бір оқушы математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді делік. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен ұлттық университетке ақылы бөлімге түскісі келеді. Өздеріңіз білетіндей, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл – кемінде 75 балл, ал ұлттық ЖОО-ларға – кемінде 65 балл. Оқушының жинаған ұпайы жетіп тұр. Алайда, ол университетте оқушының оқығысы келген мамандыққа шекті балл 85-тен басталады. Демек, шекті балды 80-ге дейін белгілеген университетті іздеу керек»,– деді ол.
Қай мамандыққа грант артады?
Білімге құштар балғындарға грант мотивация сыйлары анық. Соның ішінде колледждегі техникалық мамандықтарға бөлінетін грант санының 50 мыңға дейін артуы үміт үстеді. Тегін техникалық және кәсіптік біліммен, ең алдымен, әлеуметтік осал отбасылардың балалары қамтылмақ.
Басымдық металлургия, IT, құрылыс, инженерия және қызмет көрсету салаларына беріледі. Қазір бұл мамандықтарға қабылданған студенттердің саны 61 мыңға жеткен. Сондай-ақ енді кадр даярлау кәсіпорындардың өтінімі бойынша жүреді. Бұл – түлектерді толығымен жұмысқа орналастыруға мүмкіндік. «Бүгінгі күні мемлекеттік 498 кәсіпорын 410 колледжбен келісім жасап, бірлесіп жұмыс істеуді бастап кетті. Қазір кәсіпорын өкілдері 300 мыңнан аса студентті тағылымдамадан өткізіп жатыр», – деді Шолпан Каринова.
Білім беру саласында күрделі өзгерістер мен жаңашылдықтар болуда. Мұндай өзгерістер болашақ ұрпаққа сапалы білім берумен байланысты. Ел болашағы жастардың қолында екені белгілі. Ұрпақты саналы да сапалы етіп тәрбиелеу ұстаздардың еншісінде. Мұғалім оқушыға білім берумен қатар тәрбиелеп, сауатты тұлға болып қалыптасуына, әлеуметтік ортаға бейімдейді. Сондықтан білім беру жүйесінде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмау керек.
Аттестация: Нені ескеру керек?
Ендігі кезекте мұғалімдер мәселесін жіті назарға алсақ. Жақында «аттестациядан өте алмаған мұғалім жұмыстан шығады» деген ақпар үлкен дау туғызды. Дегенмен Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шолпан Каринова қоғам назарындағы сауалды жауапсыз қалдырмады.Аттестация ережесі бойынша, педагогикалық шеберліктің төрт санаты – модератор, сарапшы, зерттеуші немесе шебер бойынша тестілеуден өтіп, эссе жазу керек. Педагог төрт санаттың біреуін растаса, соған қарай қызметтік жалақысына 30-50 пайыздық үстемеақы алады. Бұл орайда аттестация педагогтерді жұмыстан шығару процедурасы емес, бұл – оларды ынталандыру механизмі.
«Аттестация педагогтердің біліктілігін және жалақысын көтеру мақсатында өткізіледі. Қазіргі аттестацияны 2018 жылғымен салыстырсақ, үстемеақылар жағынан үлкен айырмашылық бар», – дейді Оқу-ағарту вице-министрі.
Сонымен қатар министрлік мектеп директорлары мұғалімдерді Lesson Study әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтуге және іс-тәжірибеде инновациялық Action research әдістерін қолдануға мәжбүр етпеуді тапсырды. Заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес, биылдан бастап мұғалімдер үш жылда бір рет кесте бойынша тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Айта кетейік, Lesson study – сабақты зерттеу. Бұл жерде мұғалімдер бірлесіп сабақ өткізуге, жоспарлауға және бір-бірінің сабағын бақылап, талдауға мүмкіндігі бар. Мұғалімдер бірлесе жұмыс істеп, оқушыларға берілетін тапсырмаларды талқылайды. Әдістеме ұжымда педагогикалық рефлексияны дамытуға үлес қосады. Бұл – білім сапасын арттыруға, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жақсартуға көмектесетін тәсіл.
М.САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!