Тереңөзек кентіндегі аудандық мәдениет үйінде өтіп жатқан байқауда Сырдария ауданы мектептері бойынша 50-ден астам оқушы бақ сынауда.
Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.
Байқаудың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталып, «Едіге батыр» жыры туралы тың тарихи деректер келтірді.
– Жырдың өн бойында Едігенің батырлығынан гөрі ақыл-парасаты кеңінен суреттеледі. Едіге мен Тоқтамыс, Әмір Темірдің заманын, негізінен олардың өзара қатынасын жыр еткен ауыз әдебиетінің көне мұрасы «Ер Едігенің» танымдық қасиетін, шыншылдық беделін толық бағалау үшін бүгінгі күннің де, келешек күндердің де зерттеушілері назар аударарлықтай құндылыққа ие, – деді Еркебұлан Жақып.
Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Облыста 25 қазаннан басталған байқаудың бүгінгі Сырдария аудандық кезеңіне 53 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.
Байқауға «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, №137 мектеп-лицей директоры Бағдат Есназар, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етуде.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!