Гауһар Әзен, Гүлназ Жеңісбек. Бір үйдегі бойжеткен қос ару өткен аптада ұлттық өнерді дәріптеген «Тұлпар мініп, ту алған!» сайысының жеңімпазы атанды. Әйтеке би кентіндегі №170 мектепте білім алатын апалы-сіңлі «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан алдына жан салмай, жүлделі орынды еншіледі. Ағайындылар бұған дейін де бірнеше әдеби байқауларда топ жарып, қабілеттерін көрсете білген еді.
Қазіргі таңда Гауһар оныншы сыныпта, Гүлназ алтыншы сыныпта оқиды. Осы уақытқа дейін екеуі де түрлі пәндік олимпиада мен өнер жарыстарынан жүлдесіз оралған емес. Бұл жолғы дода да әдебиетсүйер оқушылардың қызығушылығын тудырған.
– Шарада дарынды оқушылар «Едіге батыр«» жырын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтудан сынға түсті. Жырды толық жаттау ескерілді. Сонымен қатар қосымша мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінен сұрақтарға жауап бердік. Қатысушылар 6-10 сынып оқушылары болғандықтан сайыс тартысты өтті. Алайда бала кезімнен ерлік дастандарымен сусындап, кітап оқуға құмартып өскендіктен, жеңіске деген сенімді жоғалтпадым, – деді Гүлназ Жеңісбек.
Гауһар Әзен де ел көлеміндегі қазақ әдебиеті мен интеллектуалды сайыстардан олжалы оралып жүр. Мәселен, оқушы қыз бұған дейін «Қадыр Мырза Әлі», «Мұқағали Мақатаев» оқуларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Қызылорда қаласына 200 жыл толуына орай өткізілген шығармалар байқауы бойынша ауданда жеңімпаз атанса, облыстық кезеңде үшінші орынды қанжығалады. Оның үстіне Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Яссауитану» халықаралық байқауында қаржылай сертификаттың иегері болды.
Талантты қыздарға бағыт-бағдар беріп, таным көкжиегін кеңейтуге қолғабыс еткен жетекшісі Жадыра Көшекбаева еңбегі орасан. Ұстаз жыр-дастанды жаттау әдісі, мәнерлеп оқу тәсілдері секілді қажетті дағдыны оқушының бойына дарытуға күш салып, нәтижелі жұмыс істеуде.
– Ағайындылар «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына 2019 жылы қатысып, екеуі де аудандық кезеңде жеңімпаз атанған. Ал Гауһар облыстық кезеңде үшінші орынды иеленген-тұғын. Биыл байқау өткен жылғыдан жемісті болды. Гауһар Әзен бірінші орынды алса, Гүлназ Жеңісбек екінші орынды еншіледі. Жарыстың ұйымдастырылуы, бағалау көрсеткіші жоғары деңгейде өтті, – деді жетекшісі Жадыра Келінбайқызы.
Айта кетейік, байқаудың облыстық кезеңде 24 оқушы бақ сынап, Гауһар Әзен I орын алса, Гүлназ Жеңісбек II орын иеленді, ал аралдық Қарақат Берікқызы үшінші орынды місе тұтты.
Б.ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!