Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев биылғы ҰБТ барысында тестіден өткізу процесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тест тапсыруға кіргізу кезінде тиісті металл іздегіштер пайдаланылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ереже бұзуға және тыйым салынған заттарды (ұялы телефон, шпаргалка) алып өтуге жол бермеу мақсатында жасалады», – деді Р. Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, калькулятор мен химиядан Менделеев кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Талапкерлердің ұсынысын ескере отырып, негізгі ҰБТ-да химияға қатысты тұздардың ерігіштік кестесінің қағаз нұсқасы беріледі.
«Тестілеу аяқталған соң, әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау болады. Балалар өз нәтижелерін, сондай-ақ қай тақырыптан қате жібергенін көріп, ҰБТ-ны екінші рет тапсыруға дайындығын жақсарта алады», – деді орталық басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, тест тапсырғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігі бар. Сертификатты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінен алуға болады.
«2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін тестіге қатысты бейнежазбаларға талдау жасалып, түсірілген видео тексеріледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже талаптарын орындамау фактілері анықталған жағдайда, бұл талапкерлердің ҰБТ-ға қатысты нәтижелері жойылады», – деді Руслан Емелбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 18 мамырда осы жылдағы негізгі ҰБТ басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасады.
Биылғы оқу жылына 88 мың грант бөлінді.
Осы жылы ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижені грант конкурсына өткізуге болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!