Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ерекше қажеттілігі бар мектеп түлектеріне қосымша 40 минут уақыт беріледі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл ҰБТ тапсыруда талапкерлерге екі мүмкіндік беріліп отыр. Негізгі ҰБТ-ға тіркелу 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтті. Биылғы талапкерлер мен былтыр бітірген талапкерлер ҰБТ-ны бөлек тапсырады. Сынақ күніне 2 рет өтеді, яғни түске дейін және түстен кейін. Сонымен қатар биыл ҰБТ тапсыруда ерекше қажеттілігі бар оқушыларға бірнеше жеңілдік қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ерекше балалар тіркелу кезінде қандай жағдайдың болу керектігін көрсете алады. Ал біз тіркелуге сай қайсы орталықта, қай күні қандай ерекше бала тест тапсыратынын біліп, қажетті жағдайды жасаймыз», – деді Руслан Емелбаев Білім және ғылым министрлігінде өткен аппарат жиынында.

Оның айтуынша, биыл ұлттық бірыңғай тестілеу 37 күн бойы өтеді. Ел аумағында 43 тестілеу бекеті жұмыс істейді.

«Ерекше талапкерлерге негізгі уақыттан (240 минут) бөлек қосымша 40 минут уақыт беріледі. Ең бастысы тест тапсырмалары ерекше балалардың қажеттілігін ескере отырып әзірленді. Биыл негізгі ҰБТ тапсыратын талапкерлердің саны 281 мыңнан асып отыр. Олардың дені биылғы түлектер», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!