Тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Өтінім қабылдау 25 шілдеде басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-13 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, ЖОО-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі.
Естеріңізге сала кетсек, осы ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың мектеп түлектері, колледж түлектері мен шетелдік мектепте білім алғандар қатыса алады.
Негізгі ҰБТ секілді тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді.
Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алатындығын айта кеткен жөн.
Қаңтар-шілде аралығында өткен ҰБТ-да кей талапкерлер шекті балл жинай алмады. Шекті балсыз олар еліміздің жоғары оқу орындарына түсе алмайды. Біз осы балалардың ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін, тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шектік балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет», –деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері әңгімелесу қорытындысы бойынша оқуға қабылданады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!