Жыл өткен сайын ҰБТ-да сан өзгеріс пайда болды. Өту жүйесі, уақыт талабы, бағалау критерийі құбылуда. Мұның барлығы білім беру ісін жетілдіру бағытында жасалған қадам екені даусыз. Оған соңғы жылдағы ҰБТ нәтижесі мен ЖОО-ға түскен түлек көрсеткіші дәлел бола алады. Ал биылғы өзгешелік қандай? ҰБТ-ға нендей талап енді? Сырбойылық талапкерлерді қандай жаңалық күтіп тұр? Санамалап көрелік.

Биыл ҰБТ және барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілді. Сондықтан басты артықшылық – барлық процесс ашық әрі талапкерлерге қолайлы жағдайда өтеді. Өңірдегі ҰБТ өткізу жүйесі де белгіленген талапқа сай, қатаң тәртіп аясында жүзеге аспақ. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баспасөз конференциясында хабарлаған болатын.

«ҰБТ-ға өтініштердің басым көпшілігінің электронды форматта тапсырылуы азаматтар арасында сұранысқа ие екенін көрсетеді. Өтініш қабылдау 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайтында жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл ҰБТ тапсырушы түлектерге тест тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік беріледі. Яғни, тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Пәндердің санында өзгеріс жоқ. Ең жоғарғы ұпай саны – 140», – деді басқарма басшысы Ақзира Бақтыбайқызы.

Түлектердің ҰБТ-ға дайындалуына Ұлттық тестілеу орталығының тегін онлайн-сынақ тестілеуі іске қосылып, көмек ретінде оқушыларға мүмкіндіктер жасалуда. Мұнымен қоса Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының тегін онлайн сабақтары да жалғасып жатыр. Ал ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін алғаш рет негізгі 240 минутқа қосымша тағы 40 минут берілген екен. Сонымен бірге олар үшін тест нұсқалары суреттерсіз, диаграм­малар­сыз және сызбаларсыз әзірленетін көрінеді.

Айта кетейік, академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерге шығаруға тырысқан жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушы­ларды анықтап, оның тест нәтиже­лерін жояды. ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесі қолжетімді болады.

«Алтын белгіні» алу ҰБТ-ға байланысты

«Алтын белгі» алудың шарттары да біршама өзгеріске ұшырады. Соның бірі – ҰБТ қоры­тындысы негізінде «Алтын белгі» беру­дің объек­тивті­лігінің баға­лануы. Атал­ған өзге­рісті білім Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісінде хабарл­аған болатын.

«Келесі жылдан «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер НЗМ базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын түсіну маңызды. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыра­тындарға да, жалпы білім бере­тін мек­теп база­сын­да тап­сыра­тын­дар­ға да тапсыр­малар бірдей болады.

Былтыр мектеп бітірушілер рекордтық «Алтын белгі» алды. Кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл алды. Осыған байланысты үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді. Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сондай-ақ белгіден бас тарту туралы өтініштер жарамсыз. Талаптарға сай келетін үміткерлер белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді.

Айтпақшы, нормалар келесі жылдан бастап күшіне енгенімен, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша бұл белгіні берудің объективтілігі бағаланады. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі, білім басқармалары мен бөлімдері қорытынды емтихандарының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуі тиіс. Әрбір жағдай бойынша ҰБТ нәтижелерінің қорытындыларына талдау жүргізіледі», – дейді министр.

Айта кетейік, биыл Қызылорда облысы бойынша 292 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Олардың 99-ы Қызылорда қаласы мен облыстық мектептің түлектері болса, қалған 193-і аудандарда білім алуда. Жақында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова үміткер оқушылардың Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында алгебра және анализ бастамалары пәнінен тапсыратын мемлекеттік емтиханы келесі, яғни 2022-2023 оқу жылына ауыстырылғанан айтқан болатын. Әсіресе, аймақтың бас ұстазы ашықтықтың басты назарда болатынын бас айтқан еді.

«Мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері мемлекеттік қорытынды емтихандардың объективтілігін қамтамасыз етулері керек. Әрбір үміткер оқушының ҰБТ нәтижелеріне талдау жүргізілетіндігін тағы да назарларыңызға саламын», – деді басқарма басшысы.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!