Биыл Қызылорда облысы бойынша 292 оқушы «Алтын белгі» белгісіне үміткер болып отыр. Олардың 99-ы Қызылорда қаласы мен облыстық мектептің түлектері болса, ал, қалған 193-і аудандардан. Бұл туралы Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.

Алтын белгіге үміткер оқушылардың Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында алгебра және анализ бастамалары пәнінен тапсыратын мемлекеттік емтиханы келесі, яғни, 2022-2023 оқу жылына ауыстырылды. Осы орайда, биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сондай-ақ, биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіні» берудің объективтілігі бағаланатын болады.

«Осыған байланысты мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері мемлекеттік қорытынды емтихандардың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етулері керек. Әрбір үміткер оқушының ҰБТ нәтижелеріне талдау жүргізілетіндігін тағы да назарларыңызға саламын», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!