ҰБТ – ұлттық бірыңғай тест. Көбісі бұған тағдыр деп қарайды. Расымен де солай ма? Тағдырды шешетін күн осы ма? Оқуға грант ұтып алу өмірдің бақытты билеті ме?
Әрине егер ҰБТ-дан жоғары балл алсақ, онда біздің бәрінен бұрын ата-анамыз қатты қуанады. Бізді түн ұйқысын төрт бөліп, осы күнге жеткізген ата-ананы қуанту бізді – балаларды бақытты ететін керемет сезім. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сол үшін де ата-анамды қуантсам, олар менімен мақтанса, ұйқысы тыныш болса, сол кісілердің разылығын алсам деген сезім бізді алға ұмтылдырады. Ең бастысы, грант ұтып алу.
Үйдегілерге салмақ салмасам екен деп көбісі сүйген мамандығынан бас тартып жатады. Ал уақыт деген көзді-ашып жұмғанша зулап өте шығады емес пе?! Сөйтіп оқуы аяқталғасын жұмысы өзіне ұнамай, қаншама адам әуре-сарсаңға түседі. Ұнамсыз жұмыстан табысқа жету де екіталай. Адам өмірінің көп бөлігі үйден гөрі жұмыста өтетінін бағамдасақ, ең алдымен өзіңді бақытты ететін мамандықты таңдау керек деп есептеймін.
ҰБТ тағдыр емес. Жүрек таңдауына құлақ түр, өзіңе ұнаған мамандықты таңда, мейлі грант болмай-ақ қойсын, өзіңнің таңдауыңды жаса, досым! Сіз үй салсаңыз, оның ішін әсемдеу үшін ақша жұмсайсыз, сол сияқты білімге де дәл сондай қаржы жұмсауымыз қажет. Білімге салынған ақша – болашаққа салынған инвестиция.
Өзіңе ұнаған мамандықтың иесі бол, жас түлек!
Саят АСҚАР,
№261 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!