Облыста қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды. Өңір бойынша 7514 мектеп бітіруші түлектің 6 106-ы немесе 81% тестілеуге қатысуға өтініш білдіріп, бағын сынауда. Биыл министрлік талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін, сондай-ақ тест тапсыру процесінің ашықтығы мен транспаренттілігін күшейту үшін бірқатар өзгеріс енгізді.

Осы жылғы басты өзгеріс ‒ ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге қосымша уақыт берілді. Көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған талапкерлерге тапсырмаларды орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут бекітіледі, яғни олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде ұзағырақ тапсыра алады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сызбасыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалған.

ҰБТ тапсыру кезінде түлектердің білімі сараланады, сондықтан тестілеу барысының ашықтығын барынша қамтамасыз ету қажет. Сол үшін биылдан бастап тестілеу «1 компьютер ‒ 2 камера ‒ 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізілуде. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылады. Фронталды веб-камера талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу үшін қажет.

Айта кетейік, тапсыратын пәндер санында өзгеріс жоқ. Әдеттегідей екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы – 20 және екі бейінді пәннен 35 тапсырмадан беріледі. Тестілеуді өткізу уақыты – 4 сағат (240 минут). ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. Осы орайда оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы жөнінде №3 IT мектеп-лицей директоры  оқу ісі  орынбасары Аманғали  Жақсатұлының пікірін білдік:

‒ Тест сұрақтарының барлығы тек жаңартылған бағыттағы оқулықтардан келеді, себебі биылғы  мектеп бітіруші түлектер   мектеп  базасында осы оқулықтарды  толыққанды оқыды. Барлық білім ордасында  ҰБТ-ға дайындық оффлайн және   онлайн жүргізіледі. Оның   басты  себебі 17 қаңтардан бастап 1-5 сыныптар   офлайн ( мектептегі оқу) оқуды  бастады. Мектеп бітіруші 9 сынып  және  11  сынып  оқушыларынан вакцина алғандар мектепте оқуда. Ал вакцина алмаған 11 сынып оқушыларына қашықтан оқумен қатар  ҰБТ пәндерінен  қосымша   дайындықтар   ұйымдастырылған. Президент Қасым-жомарт Тоқаев техникалық  пәндерге  басты назар аудару  керегін    айтты. Мектептегі  144  бітіруші түлектің 61-і физика мен  математиканы  бейіндік   пән ретінде  таңдап отыр. Мектепте  барлық  санитарлық талаптарды ескеріп  ҰБТ-ға  қосымша дайындық сабақтары сабақтан тыс  түстен кейінгі  уақытта  жүргізіледі. 25  қаңтар-22 ақпан аралығында өтетін  ҰБТ-ның бірінші кезеңі  Юстади   базасында    өтуде. Тыңғылықты  дайындығы бар  оқушыларымыз    арасында  100 баллдан  аса алғандары да  бар. Басты  мақсат ‒ оқушылардың маусым  айында   мемлекеттік  грантты иеленуіне   күш салу, ‒ дейді А.Есімов.  

Оқушыларға қойылатын талап та қатаң. Себебі ҰБТ барысында талапкердің артық зат пайдаланбауы өте маңызды. Осы мақсатта түлектер тестілеуге кірер кезінде қолмен тексеретін және рамалық металл іздегіштер қолданылады. Бұл талапкерлердің қауіпсіздігі үшін, ережелерді бұзудың және тыйым салынған заттарды (телефондар, шпаргалкалар және т.б.) алып өтудің алдын алу үшін қажет. Қатысушылардан тыйым салынған заттар табылған жағдайда тестілеу автоматты түрде тоқтатылатыны ескертілуде.

Сондай-ақ мобильді және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады. Ол аудиторияның (компьютерлік сыныптың) және бейнебақылау камераларының ауданына байланысты жұмыс істейді. ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады. Сондықтан түлектердің тестілеу барысында тәртіпті сақтағаны абзал. 

Көпті алаңдатқан мәселе, қаңтар айындағы ҰБТ қорытындысы бойынша оқуға түсуге бола ма деген сауал екені рас. Мамандардың айтуынша, қаңтардағы нәтижемен тек ақылы негізде оқуға болады. Түлектер жазғы тестілеу негізінде ғана грантқа үміткер болады.

Қызылорда қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша биыл қалада 2481 түлек мектепті тәмамдайды, соның ішінде 2236 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.  Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отыра 22 ақпанға дейін жалғасады.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!