Фото: edu.org.kz

Елімізде 20 жылдан бері үздіксіз Ұлттық біріңғай тестілеу өтіп келеді. Бұл – мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуіне ықпал ететін 120 сұрақтан құралған емтихан. Оқушылар болашақ мамандығын таңдаған сәттен бастап тестілеуге дайындала бастайды.

Елімізде биыл мектеп бітірушілердің саны – 188 245-ке жетті. Екі рет тапсыру мүмкіндігін ескере отырып, 330 116 адам тестілеуден өтуге өтініш қалдырды, оның 293 186-ы биылғы мектеп түлектері. Емтихан 5 шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде.

Тестілеуге берілетін 240 минут ішінде талапкер жалпы саны 120 сұраққа жауап береді. «Қазақстан тарихынан» – 20, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 және «Оқу сауаттылығынан» – 10, ал бейіндік пән бойынша 40 сұрақ болады.

Шекті ұпайларға тоқталатын болсақ, жас түлек «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру салаларына оқуға түсу үшін 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» 70 баллдан төмен емес ұпай жинауы тиіс. «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» ең төменгі ұпай – 60 балл (ұлттық ЖОО үшін), ал ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек. «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пән бойынша шекті балл – 5 балл, «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» бойынша шекті балл – 3 балл.

– Биылғы ҰБТ-да жаңашылдық көп. Жауап нұсқаларын бестен төртке дейін қысқарттық. Сондай-ақ бейіндік пәндерде екі ұпайдан тұратын 10 сұрақ бар. Ондағы сегіз нұсқаның үшеуі дұрыс болуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, оларды алтыға дейін қысқарттық. 2017 жылдан бастап ҰБТ ұпайлары бағаға ауыстырылмайтынын білесіздер. Былтыр тақырыптық талдау түрінде ауқымды деректермен үлкен жұмыс жүргіздік. Бұрын әр талапкер тек сандары бар талдау картасын алса, енді жеке кабинеттен тақырыптық талдауды да көре алады. Онда қандай тақырыптар бойынша сұрақтар кездесті әрі олар қай кезеңді қамтиды, қай жерден қате кетті және қандай тақырыпқа жақсы дайындалу керектігі көрсетіледі. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында сұрақтар әзірленетін оқу құралдарының тізімі көрсетілген. Әр пән бойынша техникалық сипаттамалар қамтылған. Орталықтың ресми ресурсында тегін онлайн-тесттерді іске қостық. Екі айда бір рет базаны жаңартамыз, – деді республикалық Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев.

Жауапты министрліктің кейінгі статистикалық мәліметтері бойынша ҰБТ басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балл – 68-ді құрады. Ең жоғары балл – 138, осы кезге дейін 8 адам 137 балл жинады. Ал аймақтағы жүрегі үмітке толы жас талапкерлер ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетуде.

БАҚ өкілдеріне арналған кейінгі статистикалық деректерге сүйенсек, өңірдегі ҰБТ нәтижелерінің орташа баллы – 87 ұпайды құраған. Ал бұл өз ретінде қызылордалық түлектердің тестілеуге қарқынды және жақсы дайындалғанына дәлел бола алады.

Бұрын шығармашылық бағытты таңдаған оқушылар «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмаушы еді, дегенмен биылдан бастап жүйеге өзгеріс енді.

– «Математикалық сауаттылықтан » тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған. Сондықтан бұл пән барлық тест тапсырушы үшін міндетті, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Өңірдегі тестілеу орталықтарына тоқтала кетсек. Облыста жұмыс істейтін 4 тестілеу пункті бар. Олар Қызылорда қаласында, Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында орналасқан. Өткен жылдары аралдық түлектер тест тапсыру үшін Қазалы ауданына қатынап, біраз ата-ана мен оқушы әбігерге салынған еді. ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірушілердің көптігі ескеріліп, мұнда алғаш электронды форматта тестілеу пункті іске қосылды. Қаңтар айындағы іс-сапарында Республикалық Ұлттық тестілеу орталығы басшысы Руслан Емелбаев болашақта Аралда Ұлттық тестілеу орталығының филиалын ашу жоспарын қарастыратынын айтып өткен болатын. Ал қазірше ҰБТ пункті болып Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп- гимназиясы таңдалды.

Биыл облыстан ҰБТ-ға 8 240 түлектің 7 391-і немесе 89,7%-ы қатысады деп күтілуде. 11-сыныпты бітірген 8 240 оқушының 579-ы «Алтын белгінің», 856-сы «Үздік аттестат» иегері. Жалпы жауапты министрліктің мәліметіне сүйенсек, гранттар саны 2023 жылға қарағанда 23%-ға артқан, яғни бас-аяғы 112 мың грант бөлініп отыр.

Бүгінде жас талапкерлер тегін оқу үшін кейде өзі қаламаған мамандыққа дайындалады. Көбіне «физика-математика», «биология-химия» комбианациясын таңдайды, себебі бөлінетін гранттың көбі осы салаға бағытталған. Блім грантын жеңу әр ата-ана үшін маңызды көмек. Себебі ақылы оқу көптеген отбасының қалтасына ауырлық етеді.

– Мектеп бітіруші түлектердің әрі қарай өмірде өз жолын тауып, жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсіп, маман болып шығуы аса маңызды. Орта есеппен бір грантты 800 мың теңге деп алсақ, 2023 жылы 4 973 бала мемлекеттік грант иеленген, яғни, осы балалардың отбасына 3 млрд 978 млн 400 мың теңге инвестиция келген. Бұл дегеніміз – тұрғындар үшін айтарлықтай жеңілдік, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

Жыл сайын жүйесі өзгеріске ұшырайтын ҰБТ көп түлекке уайым. 2017 жылы ҰБТ тек жоғары оқу орындарына түсуге арналған тест болып белгіленді. Оған дейін тесттің нәтижесі түлектің қорытынды бағасына, «Алтын белгіге», қызыл аттестатқа, керек десеңіз өңір мен аудан-ауылдардың білім рейтингіне әсерін тигізетін болған. Алайда енген өзгерістерден кейін аталған сауал біржақты болды. Бүгінде тесттен шыққан қорытынды тек баланың өзіне ғана мәлім. Мектепке не болмаса ата анасына оқушының нәтижесі туралы ақпарат берілмейді.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!