Қазақстандағы білім беру саласында ең шешуші сәттердің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл – талапкердің біліміне қойылған шек емес, шын мәнінде ұлттың ертеңіне жасалған өлшеусіз инвестиция. Биыл 16 мамырда басталған бұл емтихан 7 шілдеге дейін жалғасады. Бұл жолы 216 мың талапкер 399 мыңнан астам өтініш тапсырған. Бір жылда сұраныс пен жүктеменің артуы – білімге деген ұмтылыстың артуын ғана емес, жүйеде қордаланған мәселелердің де көлеңкесін көрсетеді.
ҰБТ-ның басты мақсаты – барша түлекке тең мүмкіндік беру. Бірақ бұл теңдік көбіне қағаз бетінде ғана бар. Ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасы, материалдық база, мұғалімдердің біліктілік деңгейі мен қосымша дайындық курстарына қолжетімділік – бәрі талапкердің нәтижесіне әсер ететін басты факторлар. Бұл – білімдегі әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі.
Биыл тестілеуге қатысушылардың 75%-ы қазақ, 25%-ы орыс тілінде тапсырса, небәрі 266 талапкер ағылшын тілін таңдаған. Бұл көрсеткіш елдегі үштілділік саясатының әлсіздігін айқындайды. Ағылшын тілінде ойлау, жазу, тест тапсыру деңгейіне жету үшін тек пән ретінде оқыту жеткіліксіз. Тіл – құрал ғана емес, таным жүйесі. Осы жүйеге бейімдеу әлі де формалды деңгейде қалып отыр. Ал тіл білу – заман талабы десек жаңылмаймыз.
Академиялық адалдық қысым болмауы керек
Тест кезінде әр талапкерге жеке тест нұсқасы ұсынылып, калькулятор мен кестелер берілгені – оң қадам. Бірақ қауіпсіздік шаралары: металл детектор, сигнал басушы құрылғылар мен бейнебақылау – жүйенің сенімге емес, шектеуге сүйенетінін көрсетеді. Білім жолындағы жас өренге сенім ұялатудың орнына, қорқынышқа орын беру – психологиялық қысымды үдетіп, нәтиженің әділеттілігіне емес, үрейдің деңгейіне тәуелді ететіндей. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметі бойынша, ҰБТ-ның екінші аптасында 116 мың рет тест тапсырылып, оның 66,8%-ы шекті балл жинаған. Сондай-ақ ереже бұзғаны үшін 142 адамның нәтижесі жойылған.
Грантқа емес, мамандыққа қызық!
Бүгінгі талапкердің басты мақсаты – мемлекеттік грантқа ие болу. Бұл жеке жетістіктен бұрын, отбасының үміті, ата-ананың арманы. Бірақ шектеулі грант саны мен бәсекенің тым жоғары болуы – күйзеліске бастайтын жол. «ҰБТ – өмірдің соңы емес» деумен шектелу жеткіліксіз. Грантқа ілікпегендерге балама бағыттар мен екінші мүмкіндік беретін тиімді, жүйелі платформа қажет. Осы бағытта мемлекет тың идеяларды жүзеге асырса қоғамда «жұмыссыздық» секілді бірқатар өзекті мәселелер шешімін табар еді.
Талапкерлердің көбі шынайы қызығушылығына емес, грант көп бөлінетін мамандықтар бойынша оқуға түсуге ұмтылады. Бұл білім беру жүйесіндегі үлкен мәселенің басы. Нәтижесінде жастар немқұрайлы оқып, мамандығына бейімделмей, жұмыссыздар қатарына қосылады немесе мүлде басқа салаға бет бұрады. Бұл – ел қаржысының, қоғам үмітінің желге ұшуы. Мамандық таңдау – жүректен шығатын, жауапкершілікпен жасалатын шешім болуы тиіс. Себебі бұл да ұлт болашағына тікелей әсер ететін қадам. Әрбір жастың дұрыс таңдалған мамандығы – оның өмір жолының берік негізі ғана емес, елдің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі. Сондықтан мамандық таңдау тек жеке мүдде емес, ұлт алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпаған жөн.
Білгенге маржан
Мемлекеттік грант иегерлерінің үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеу талабы – заңмен бекітілгенімен, оны білетіндер аз. Бұл шартты орындамаған жағдайда мемлекетке ақшаны қайтару қажеттігі туындайды. Бірақ бұл талап мектеп қабырғасынан бастап кең көлемде түсіндірілмейді. Ақпараттың жетіспеуі – сансыз түлектің болашақ алдындағы қателігіне айналуы мүмкін.
Құрылымы күрделі тестілеу
Ең көп таңдалатын пән жұбы – «Математика- Физика» (16,5%), одан кейін – «Биология-Химия» (15,6%) және «Математика-Информатика» (9,7%). Бұл – техникалық, медициналық және IT бағыттарына бетбұрыс бар екенін білдіреді. Бірақ бұл таңдау көбіне трендтің әсерінен туындап отыр. Мамандық таңдау алдында кәсіби бағдар беретін жүйелі, дербес кеңес қажет. Тек сол кезде ғана талапкер өз орнын таба алады.
ҰБТ құрылымы биыл да бұрынғы қағидамен жүргізілуде үш міндетті пән мен екі бейіндік бағыт бойынша жалпы 120 тапсырма ұсынылады. Қазақстан тарихынан – 20, оқу сауаттылығынан – 10, математикалық сауаттылықтан – 10, ал әр бейіндік пәннен – 40 сұрақ. Барлығы 140 балл жинауға мүмкіндік бар. 240 минут – сынаққа берілетін уақыт, ал ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут қарастырылған. Ең бастысы – әділдік пен ашықтық сақталуы. Сол үшін тестілеу аяқталғаннан кейін жарты сағат ішінде мазмұн бойынша, ал тестілеу кезінде техникалық себептер бойынша апелляцияға өтініш білдіруге болады. Сертификаттың тағдыры – енді санға емес, санаға тірелген. Әрбір өтініш талапкердің жеке кабинетінде тіркеліп, Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына ұсынылады. Білімнің бағасы да, баланың үміті де енді сол электронды терезенің ар жағында шешіледі. Апелляциядан бас тартқан жағдайда сертификат бір жұмыс күнінің ішінде қолжетімді болады.
Айта кету керек, биылғы ҰБТ сынағының шынайылығы тек аудиториядағы бақылаумен шектелмейді. Емтиханнан кейін де адалдық таразысы жұмысын жалғастырады. Тестілеу аяқталған соң 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізіледі. Егер осы мерзім ішінде тыйым салынған құрылғыларды қолдану немесе тәртіп бұзудың өзге де деректері анықталса, талапкердің жинаған ұпайы түгел жойылады. Бұл – білім алаңының тазалығы үшін жасалып отырған батыл қадам. Өйткені, әділет салтанат құрған жерде ғана шынайы білім мен шынайы жетістік өміршең болатыны сөзсіз. Сол үшін академиялық адалдыққа албырт қарамағаныңыз жөн.
Дайындық – жеңістің жартысы. Бұл қағиданы жете түсінген білім саласы бүгінде талапкерлер үшін дайындық үдерісін барынша қолжетімді етуге баса мән беріп отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде тақырыптық онлайн-сабақтар өткізіліп, арнайы платформалар арқылы сынақ тестілеулері ұсынылды. Бұл – әр оқушыға өз білімін шыңдауға мүмкіндік беретін ашық әрі әділетті орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам.
Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында нақты әрі жүйеленген мәліметтер легі ұсынылған. Тарих пәнінен 100 негізгі дата, әдеби шығармалар тізімі, информатика терминдері мен оқулықтар жиынтығы – барлығы талапкер үшін бағыт-бағдар берер сенімді құрал ретінде ұсынылып отыр. Ал ауыл оқушылары үшін «Сандық мұғалім» жобасы нағыз білім шамшырағына айналуда. Бұл жоба тек ҰБТ-ға дайындықты ғана емес, академиялық үлгерімі төмен оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат етеді.
ҰБТ – әлі де болса «қатал емтихан» деген көзқарастан арыла алмай келеді. Бірақ білімді тек есте сақтау қабілетімен өлшейтін уақыт артта қалды. Ендігі мақсат – функционалдық сауаттылық, логикалық ойлау, шығармашылық қабілет пен өмірлік дағдыларды анықтау. Бұл – әділдік пен сапаны арттырудың басты жолы.
ҰБТ – жай ғана сынақ емес. Ол – ұлттың келешек интеллектуалдық әлеуетін анықтайтын стратегиялық құрал. Бұл жүйенің әлсіз тұстарын жасыру – талапкер болашағына жасалған қиянат. Ал ашық айтып, нақты шешім ұсыну – ұлт алдындағы азаматтық парыз.
Білім – ұлттың ең қымбат капиталы. ҰБТ осы капиталды басқарудың басты құралына айналуы тиіс. Ол үшін әділдік пен адамгершілік, сапа мен сенім, тәртіп пен түсіністік қатар жүруі керек. Егер ҰБТ жүйесі жас талапкердің мүмкіндігін шектемей, керісінше, оның арманын жүзеге асыратын алаңға айналса – еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ. ҰБТ – болашаққа берілген билет. Ал бұл билетті әділетті тарату – біздің ұрпақ алдындағы борышымыз екенін ұмытпайық.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!