Қазіргі таңда лагерь жұмысына қатысты құзырлы мекемелер тексеріс жүргізіп жатыр.

Алматы облысында жазғы лагерьге барған оқушылардың ата-аналары «балаларымыз тар бөлмеде түнеп, санитарлық талапқа сай келмейтін жерде жасалған сапасыз тамақ ішіп жүр» деп шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісі. 

Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «Тау Land» атты демалыс орнына барған балалар бір күн өтпей жатып ата-аналарына шағымданып, жылдам алып кетулерін сұраған. Оқушылар қапырық ыстықта тар бөлмеде қысылып жатқан. Оған қоса оқушылардың дәретханалары да істемейтін болып шықты. Ал жаңа оқу жылына күш жинап келеміз деген балалар, керісінше әлсіреп, үйлерінен тамақ әкеп берулерін сұраған.

«Менің екі балам осында. 5 тамызда Есік қаласынан шығарып салғанбыз. Сол күні кешке қызым «ұнамай тұр, жататын жері онша емес, төсек жаймаларынан жиіркендім» деді. Ертеңіне хабарласқанымда «кеткім келеді» деді. Балама «екі күн шыдай тұр, барамын» дедім де, кеше келдім. Келем дегенше қыздарым шыдамай, қарындарының ашқандарын айтып, жолдан тамақ әкелуді сұраумен болды. Қасындағы қыздар да маған ақша аударып, «тамақ әкеп беріңізші» деп өтіне бастады. Мен балаларды алып кетем деп келмеп едім, тек бір көріп кетем деп ойладым. Енді осында келіп кіре алмай тұрғаныма бір сағаттай болды. Ішке жібермейді, бір сағаттың ішінде он бес шақты ата-ана балаларын алып кетті. Барлығы балаларының қарны тоймайтынын, тамағының дұрыс емес екенін айтып жатыр. Бір бала «ертең мені алып кетпесең, мына жердің терезесін сындырам, ауа жоқ» деп айтыпты. Осылай келіп, алып кетіп жатыр. Тағы бір баланың телефоны жоғалып кеткен, оның да анасы 200 км жердегі Шелектен келді. Сол кісі келген соң ғана камераны ашып, қарап, тауып берді. Телефоны жоғалған баланың жетекшісі түннен бері жоқ, балалар қараусыз қалған.

Директоры Нұрым деген кісі ары қарай кірмеуімізді сұрап, «сөйлесейік» дейді. Кірсем кішкентай екі бөлме, дәлізде 17 бала жатыр. Дәретхана істемейді. Іші антисанитария. Бір шақырым жерде душ бар, соған барып түседі балалар. Лагердің аумағы қоқысқа толы. Құқық қорғау органдарына арыз жаздым», — деді Еңбекшіқазақ ауданынан келген Гүлжанат Аманғожаева.

«Тау Land» балалар лагерінің қожайыны тек Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 130 миллион теңгенің тендерін ұтып алған. Мемлекеттен бөлінген бұл қаражатқа аудандағы 1500-ден астам оқушы демалып қайтуы тиіс болған. Мемлекет тарапынан жазғы демалыс орындарына баратын оқушылардың бәрі әлеуметтік осал топтан шыққан отбасының балалары. Араларында жартылай жетім, тұл жетім балалар да бар. Алайда жолдамамен барған балалар лагерьде ауырып, тамақтың сапасыздығына да шағымданып жатыр.

«Үлкен балалар ішімнен екі рет ұрды. «Мамама айтамын» деп едім дереу қойды. Ол кезде жетекшілер болмады. Кейін келді. Үлкен балалар таңертең тұрғанда бетімізге су шашады. Тіс пастасын жағады. Ерасыл деген баланы 4 күнде 5 рет жылатып, ұрды. Мен екі рет жыладым. Қарнымыз ашады. Үйден алғызған тамақты балалар таласып, сұрамай алып алады. Жеп қояды. Тығылып тамақ жеймін. Бөлмеміз тар, қапырық», — деді Әлихан есімді оқушы.

«Менің балам «Тау Land» лагеріне 5 шілдеде кетті. Ұлым бірінші күннен бастап, алып кет деп хабарласумен болды. «Қарным аш, тамақ бермейді» деді. Өзім тамақ әкеп бердім. Үш ата-ана менің көзімше балаларын алып кетті. Балалар тамақтан бөлек, тазалыққа да шағымданды. Мен баламды алып кетуге келіп тұрмын. Өткенде баламды үйрене алмай жатқан шығарсың деп тастап кеткен едім. Жасы үлкен балалар кіші балаларды ұрады екен. Оны Еңбекшіқазақ ауданы ата-аналарының чатынан естідік. Лагерьдегі сұмдық жағдайлар туралы бірнеше шағым түсті», — деді Жанар Ауғанбаева.

Алыстан балаларына алаңдап келген ата-аналарды да, БАҚ өкілдерін де лагерьдің басшылары ішке кіргізбеді. Тіптен балаларға қарауы тиіс тәрбиешілерді қақпаға жинап, қарсылық танытқызды. Ескі, күрделі жөндеуді талап ететін, санитарлық талапқа мүлдем сай келмейтін лагердің қожайыны жүздеген миллион теңгені тендерден қалай жеңіп алғаны да белгісіз. Тіптен Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі бұл лагердегі жағдайды жауапты мекемелерге де хабарлаған. Алайда Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы ешқандай шара қолданып, қарсылық білдірмеген. Керісінше, аудан прокурорының көмекшісі балалардың басындағы жағдайды көтерген білім бөлімінің мамандарына қоқан-лоқы көрсетті дейді.

«530 бала қазір осында. 154 баланы өзім әкелгем. Сол кезде ішін көрдім, өте көп кемшіліктерді көрдік. Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі тендер ойнатқан. Білім бөлімі ұсыныс береді. Содан кейінгі тендерге біз қатыспаймыз. Кімнің ұтатынын біз білмейміз. «Тау Land» 1554 балаға бөлінген 130 миллион теңгенің тендерін ұтып алып тұр. Тазалығына, тамағына көңілім толмады. Балалардың көңілін көтеретін іс-шараны көрмедім. Лагерь жұмысы 5 шілдеде басталған. Бүгін де балалардың жағдайын білуге келген едім мені ішке кіргізбей тұр. Көптеген ата-ана маған хабарласып, балаларына алаңдап жатыр. Олардың алдында біз жауаптымыз. Тексеруге құқықтарың жоқ деп жоғарғы орган бізге ескерту жасады. Елдос есімді қызметкер қорқытуға көшті. Қазір өмірім үшін, балам үшін алаңдап жүрмін. Егер маған бірдеңе болса сол жігіт кінәлі», — деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің маманы Зарима Қожмамбетова.

Ішкі кіргізбеуге бұйрық берген лагердің қожайыны да аудандық білім бөлімінің мамандарын прокуратура арқылы қорқытуға көшкен. Лагердегі жағдайды жасырып әлек. Ал қиналған оқушылар тар бөлмеде қабаттасып әлі жатыр. Тіптен сыймаған оқушылар дәлізге де шығып кеткен. Кейбір балалардың іші ауырып, лагердің тамағын ішуден бас тартқан.

«Есік қаласынан келіп тұрмын. Ұлымды 10 күнге жіберіп едік. Балам кеше ауырған, құсқан, ол жағдай бүгін тағы да қайталанған. «Гречка жедім, ұнамады» деді. Балам үйден лагерьге сау келген. Тамағы, суы ұнамаған болуы керек. Ұлым 6 сыныпқа көшеді. Баламды алып кетуге келдім», — деді Азамат Айтымбетов.

Тау Land» жазғы демалыс орнының талапқа сай келмейтінін Жамбыл ауданының прокуратурасы мен Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті де растап отыр. Тексеріс жүргізген құзырлы мекемелер алдағы уақытта лагерьге қатысты шешім қабылдайды.

ф«Қазіргі таңда прокуратура «Тау Land» лагеріне тексеру жүргізіп жатыр. Тексеріс аясында заңбұзушылар анықталды. Атап айтқанда, санитарлық нормалар бұзылған, өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Асханасындағы жағдай — антисанитария. Қазіргі таңда қадағалау актісі енгізілген. Алматы облысы прокуратурасының ұсынысына қарастырылуда. 4 шаршы метр жерде бір бала жатуы керек. Ол талап сақталмаған. Лагерь басшылығынан керекті құжаттарды алдырып жатырмыз. Бүгінде ата-аналар келіп балаларын алып кетті. Кейбір ата-аналар арызданып жатыр. Қазіргі таңда бүкіл еліміздегі лагерьлерге тексеріс жүргізіліп жатыр. Заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін, мемлекет басшысына ұсыныс беріледі. Жамбыл ауданында саунаның жанында орналасқан лагерде Алматы қаласының тапсырысы бойынша Алматы қаласының құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. Мына лагерге қатысты қылмстық іс қозғалған жоқ», — деді Алматы облысы Жамбыл аудандық прокурорының орынбасары Бауыржан Кенжебекұлы.

Мемлекеттен қыруар қаржыны алса да, талапқа сай жұмыс істей алмаған, дүйім жұрттың наразылығына тап болған лагердің басшысы болса жағдайды білуге келген адамдарды полициямен қорқытып әлек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!