Алматыда үш апта ішінде фельдшер мен мейірбике дипломын береміз деген жекеменшік оқу орталығында шу шықты. Медициналық курсты тәмамдаған қыз-келіншектер ақшасын қайтарып беруді талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

«Алтын Алем» серіктестігі мемлекеттік үлгідегі дипломмен кез келген жерге жұмысқа орналасуға болады деп сендірген. Алайда курсқа қатысушылар түкке тұрғысыз білім алдық деп шағымданды. 

“Осындай жалған курс бітіріп, қаншама маман жұмысқа орналасқанын ойласақ, төбе шашымыз тік тұрады”, – дейді білікті мамандар.

Ділнұр Рысбек медициналық колледжге түсудің орнына ақылы курсқа жазылуды жөн санапты. Алайда өзі таңдаған оқу орталығы фельдшер мамандығының қыр-сырын үйретпеген көрінеді. Тек поштаға ғаламтордан жүктелген теорияны екі апта бойы жіберумен шектелді дейді ол. Ешқандай білім алмадым деген ол ақшасын кері қайтаруды сұрады.

“Бұл мемлекеттік білім. «Қызыл диплом ресейлік болады, барлық жерге жарайды» деді. Солай істегеннен кейін  390 мың төледім. Олар маған электронды келісімшарт жіберді. Кейін мен барлық жерден жұмыс сұрадым. Бәрі курс пен диплом өтпейді, алмаймыз деді. Мен оларға мессенжерлерден, телефонмен қоңырау соқтым, мені бұғаттап тастапты. Министрлік оларды жауып тастасын. Мен сияқты қаншама адам мынандай алаяқтардан жәбір шегіп отыр”, – дейді Ділнұр Рысбек.

«Алтын Алем» оқу орталығын курсты тәмамдағандарға мемлекеттік үлгідегі Ресейдің дипломы мен халықаралық деңгейдегі сертификат береміз деп жазған. Лицензиямыз бар деп көрсеткен. Ал түптеп келгенде курсты аяқтағандардың қолына түкке тұрғысыз күмәнді құжат ұстатты дейді осы орталықта оқыған Бақытгүл Валиева.

“Маған мына құжаттар керек болған. Мемлекет қазір косметолог мен массаж жасайтындарды қадағалап жатыр. Бізге аккредитацияланған, лицезиясы болады деген. Бізді алдады. Алаяқтық жасады. Өйткені не лицензиясы, не мемлекеттік тіркеу номері жоқ. Мемлекеттен рұқсат болса, құжаттарын жасап берсін. Болмаса, ақшаны қайтарсын. Дұрыс емес қой мынау”, –дейді Бақытгүл Валиева.

Орталықтың сабақ өткізетін бірнеше бөлмесі ғана бар. Онда манекендер мен адам физиологиясына қатысты ақпараттан басқа ештеңе байқамадық. Орталық басшысы курсқа қатысушылар адамның жансыз сұлбасына укол мен система салып үйренеді деп мақтанды. Оларға білікті дәрігерлер сабақ береді деген Динара Өміртайқызы біз қойған сұрақтарға толық жауап беруден бас тартып, сөзді қысқа қайырды. 

“Біз алдымен келісімшартқа отырамыз. Ол жерде барлығы анық жазылған. Бұл медициналық дайындық курсы. Біз колледж немесе университет емеспіз. 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Талай адам орталығымыздан білім алған. Біздің курсты оқығандар жекеменшік медициналық мекемелерде,  клиникаларда қызмет ете алады”, – дейді  «Алтын-Алем» республикалық оқу орталығының басшысы Динара Өміртайқызы.

«Үш апталық курстан өткен адамның жауапкершілігі мол салада жұмыс істеуі — қылмыс», – дейді медициналық колледждің ұстаздары.

“Жамбасқа ине салуды үйрететін шығар. Ине салатын жердің тері қабаты, терасты қабаты бар. Ол жерде қандай тамыр өтеді. Ол нені бүлдіріп алуы мүмкін. Қандай асқынулар болуы мүмкін. Оған қандай көмек көрсету керек. Бұның барлығын үш аптада меңгеру мүмкін емес. Медицина маманы адам өмірімен байланысты. Сондықтан үш апталық оқуды мен қылмыс деп санаймын”, – дейді «Республикалық жоғары медициналық колледжі» ЖШС мейіргер ісі бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Зейнолдина.

Сарапшылар оларды жұмысқа қабылдайтын жекеменшік клиникалардың басшыларын да жауапқа тарту керек деп есептейді. Ал білім министрлігі аталған оқу орталығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендіктен, оларға лицензия берілмейтінін мәлімдеді. Демек орталық біліктілікті арттыратын сертификат беруге құқылы. Ең сорақысы, үш апталық шикі курсты бітіріп шала білім алғандардың қаншасы аталмыш салада еңбек етіп жүргені белгісіз.

 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!