Мен ұстаз деген аяулы мамандықтың ауыртпалығын арқалап жүрген көпшіліктің бірімін. Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп бекер айтпаған болар. Балаға бойыңдағы бар біліміңді, ізгілігің мен парасаттылығыңды сіңіру – қай заманда болсын абыройлы іс.

Ұстаздар жайында халқымыздың теңдессіз батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен. Бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімін шәкірттеріне арнаған ұстаздар қауымына берілген бұдан артық баға болмас.

          Бүгінгі күні білім саласы – жаңалық пен реформаларға толы. Ал  ұстаздар қауымы ұдайы ізденіске жаны құмартып, соны ілім үйренудің жолында тынымсыз еңбектенумен қолданып келеді. Білім жүйесіне еніп жатқан жаңалықтарды игертетін, берілген тапсырманы қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде өзіндік ойларын ашық әрі анық жеткізе білетін сыни көзқарастағы тұлғаны қалыптастырып, замана көші талап еткен технологияларда жетекшілік танытатын, талапты жасты қалыптастыратын да, қаруландыратын да ұстаз.           

          Білім жолы – қызығы мен қиындығы қатар жүретін жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады.

Жалпы бұл мақаламда 30 жылдық тарихы бар Білім – Инновация лицейі туралы сөз қозғамақпын.  Білім – Инновация лицейінің қазақ қоғамына бергені орасан. Ал берері одан да көп. Ең алғаш Қазақ – түрік лицейі болып ашылған сәттен бастап жас ұрпақтың санасына сапалы білімнен бөлек ар мен ұят, әдеп пен ибаның негізгі қайнарын сіңіріп отырған орда деп айта аламын. “Әдепсіз білім нөлге тең” деген ұстанымды бұл мектеп ұжымы өзінің басты қағидасына айналдырғалы 30 жылдың жүзі болды. Отыз жыл бір ұрпақтың жетіліп, бір буынның жаңаратын уақыты. Осы отыз жыл ішінде мыңдаған білімді шәкірт тәрбиелеген жүйеге алғыстан басқа ештеңе айта алмаспыз.

          Шетелдің озық мектептерінің ең үздік нұсқасын бір ұжымға топтастыру үшін ең әуелі аталмыш білім ордасының ұйымдастырушылары мен ұстаздар қауымы орасан еңбек еткені айқын. Еткен еңбектің, төгілген тердің өтемі ретінде осы лицей қабырғасынан түлеп ұшқан түлектерді айта аламыз. Республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми-техникалық байқауларда жүлделі орын алып жүрген оқушылардың дені осы БИЛ-ден тәлім алған. Сөз арасында бір ғана мысал келтіре кетейік. Әлемдегі егінді орған бойда ақтап, ізінше дереу қаптай алатын комбайн моделін 2003 жылы біздің түлектер ойлап тапқан еді. Кейіннен оны Оңтүстік кореялық автоконцерн өндірістік патентін сатып алып, еліміздің диқандарының жұмысын жеңілдетті. Арнайы емтихан арқылы үздіктердің басын қосқан білім ошағы алтыннан бағалы білімді жастардың қорын жинақтады. Танылмаған таланттың бағын жақты, бұғып қалған баланың зейінін ашты, білімге құштар жанға даңғыл жол салды. Оны жыл сайын өтетін түрлі білім сайыстарынан байқау қиын емес. Бұл БИЛ-дің жеңісі. Ал осындай орасан жетістікке мектеп-лицейдің ізденістен жалықпай, әр жеткіншекті жеңіске жетелеген ұстаздары жетіп отыр. Себебі, лицейдің білікті ұстаздары  түрлі байқаулар мен сайыстарға, олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысқан әр шәкірті үшін шырылдап, болам деген баланың белін бекем бууға дағдыланған дарабоз жандар!

          Біз өмір сүріп жатқан ғасыр –  білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні берекелі, болашағы жарқын. Амалсыз алынбас қамал болмасын бүгінгі ұрпақ жете түсінеді. Дәл болжайды. Ал келешегінің бағдарын бұлжытпай айқындар, балапанындай бауырына басар білікті ұстаз көрген баланың өнегелі өмірі сүруі заңдылық. Бұл ашылғалы білім нәрін сеуіп келе жатқан БИЛ туралы бір үзік сыр ғана. 

Нұрғазы ЖАПБАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

аға оқытушысы,  шебер-педагог, Аударма ісі мамандығы

 бойынша гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!