Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы жұмбақ жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” тележобасына сілтеме жасап.
Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы 4 мамырда өз ауласында асылып тұрған күйінде табылды. 16 жастағы бойжеткеннің ата-анасы қызының өз-өзіне қол жұмсауына күмәнмен қарайды.
“Мен де, жолдасым да – кәсіби дәрігерміз. Жолдасымның тәжірбиесі көп. Жұмыс барысында өз-өзіне қол жұмсаған талай адамдарды көрдік. Өз-өзіне қол жұмсау кезінде денеде белгілі айғақтар болады. Аделяның бойында мүлдем ондай белгілер жоқ. Ағашқа жіпті байлап, асылу үшін аяғын тірейтін орындық тым құрығанда тіреуіш болуы керек. Мұндай да заттар табылмады”, – дейді марқұмның анасы Айнагүл Беисова.
Ауладан өлі денесін алғаш болып тапқан әке мен ана жедел жәрдем келгенше қыздарына алғашқы медициналық қызмет көрсеткен. Алайда аман алып қалу мүмкін болмапты.
“Бетінің оң жағында көптеген жарақат болды. Бас сүйегі сынған. Сүйрегеннен денесі сырылған”, – дейді анасы.
Ізінше оқиға орнына жедел жәрдем мен тергеу тобы жеткен. Құзырлы мекеме қызметкерлері ашық айғақтар мен марқұмның денесіндегі жарақаттарды көре тұра қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша өз-өзін өлімге жеткізді деген дерекпен іс қозғапты. Алайда бұған марқұмның жақындары көнгісі жоқ.
“Әу бастан тергеу істері дұрыс басталмаған. Заңдылықтар сақталмаған. Қылмыс орны қоршалмаған. Арнайы жуу, шаю жұмыстары болмады. Саусақ іздері де алынбады. Яғни, қылмыскерді із суытпай құрықтауға арналған жұмыстардың ешбірі атқарылмаған.
Бір қызығы, ұялы телефонның ішіндегі барлық жазбаларды өшіріп тастаған” дейді қорғаушы. Орын алған қайғылы оқиғаға дейін Аделяның көңілі бірқалыпты болған. Анасы, марқұм және сіңілісі бір бөлмеге ұйықтауға бел буады. Түнгі 23:00 –лерде жұмыстан келген әкесімен Адель шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрып та үлгерген. Ал, таңғы төрттердің шамасында ұйқыдан оянған анасы қызының жоқ екенін көреді. Бұған дейін қыздарының мұндай әдеттерін ата-анасы ешқашан байқамаған.
“Сен он алты жастасың. Енді қыздар сияқты опа-далап жағып жүр” деген сыныптастарының әңгімесін өз құлағыммен естідім дейді марқұмның нағашы әжесі.
Жаңа мектепке ауысқаннан соң бойжеткеннің бойынан біраз өзгерістер де байқалған.
“Олардың мектептерінде буллинг бар. Бірақ, бірнеше рет видеоларын көрсетіп, осы тақырыпта әңгіме айтқаны да есімде. Ал, қызыма тікелей қысым көрсетті деп естімедім. Бірақ, оның сынып жетекшісі осы оқиғадан кейін бірден Астанаға көшіп кетті. Бұл жай сәйкестік деп ойламаймын”, – деп Адельдің анасы Айнагүл өз күмәнін жасырмады.
Бағдарлама тілшілері сынып жетекшісіне хабарласқанда “Мен наурыз айында Астанаға көшетінімді директорға ескерткен едім. Себебі, Астана қаласынан пәтер алдым. Сондықтан, осы қалаға ауысып келдім” деп мән-жайды түсіндірді.
Тергеушілер іздемеген куәгерді марқұмның анасы өзі тауыпты. Куәгер күдікті деп айтқан қос азамат түрмеде бір емес, бірнеше рет отырып шыққан дейді. Ал, тергеушілер күдіктілерді іздеді ме, жоқ па белгісіз деп ана жүрегі қан жылайды.
Марқұмның отбасына сабырлық тілеген бағдарлама жүргізушісі Руслан Өтепбай істі соңына дейін жеткізіп, ақ-қарасын анықтап, толық ақпараттық қолдау көрсетуге уәде етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!