«Бүгінгі заман білектілердің емес, білімділердің заманы» екенін шын ұққан ауыл балаларына әлемді дүрліктірген пандемия мен шалғай ауылдардағы интернет жылдамдығының төмендігі әсер етпеді. «Myń Bala» Ұлттық олимпиадасына қатысуға ниет білдірген оқушылар соның дәлелі.
Биылғы оқу жылында білім бәсекесінде 395 мың бала бақ сынады. І және ІІ тоқсанындағы математика, жаратылыстану, информатика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері үлгерімінің нәтижесі бойынша 5000 оқушы іріктеледі. Бірінші кезеңнен сәтті өткен үміткерлер олимпиада қатысушысы ретінде екінші кезеңге жолдама алды.
Зияткерлік сайысында бағы жанып, білім бәйгесінде озып келген Қызылордадағы ауыл мектебінің 301 оқушысы екінші кезеңге жіберілді. Олимпиаданың екінші кезеңінде оқушылардың когнитивті дағдылары сынаққа алынады. Яғни үміткерлердің логикалық және кеңістіктік ойлау қабілетін анықтайтын тапсырма беріледі.
Ұлттық олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алған дарынды оқушылардың қатарында Ақбасты елді мекеніндегі №22 орта мектептің 6 сынып оқушысы Ұлмекен Советова да бар.
Ақбасты ауылы Арал қаласынан 700 шақырым жерде орналасқан. Мұнда қаладағыдай үй үйге тартылған ғаламтор жоқ. Ауылда интернет жүйесі тек мектепке орнатылған. Соған қарамастан ұстаздары жаңашылдыққа құмар, балалары білімге құштар.
Ұлмекен де осы топырақта дүниеге келіп, аталған мектепте білім алуда. Ерекше қабілетін байқатқан жас өрен – бұған дейін де бірнеше пәннен олимпиада жеңімпазы. Сонымен қатар мектеп жанындағы үйірмелерге қатысып, қоғамдық жұмыста да белсенділік танытып жүр.
«Мақсатым – сапалы білім алып, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтау. Білім мен тәрбиені қатар беріп жатқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Себебі олар біздің қабілетімізді танып, мектепішілік шаралармен шектеліп қалмай аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан қалдырмайды. Ондай байқаудан үйренеріміз көп. Мен білімімді үздіксіз жетілдіріп дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде оқығым келеді. Болашақта мұғалім болсам деймін»,- дейді Ұлмекен Советова.
Қазіргі таңда озат қыз Елбасы Академиясындағы «Birge oqý» онлайн мектепте үздік ұстаздардан білім алып жүр. Ұлмекеннің білімге деген ерекше құштарлығы мен жетістікке жету жолындағы еңбекқорлығын ұстаздары жоғары бағалайды.
«Ұлмекен 6 сыныпта оқиды. Жас та болса білімге құштарлығы бізді қуантады. Дарынды жеткіншек өзінің қабілет-қарымының арқасында аудандық, облыстық пән олимпиадаларында білімін дәлелдеп үлгерді. Шығармашылық қабілетін байқап мектеп жанындағы «Жас қалам» үйірмесінде қосымша қабілетін жетілдіріп те жүр. Зерек, еңбекқор оқушымның әлі талай белесті бағындыратынына сенім мол. «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының басты ерекшелігі – бұл тек ауыл оқушыларына арналған. Бұл білім додасы біз үшін үлкен мүмкіндік», – дейді ұстазы Бағила Сламбаева.
Айта кетейік, «Myń Bala» Ұлттық олимпиадасын ҚР Тұңғыш Президент қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасын жүзеге асыру аясында жыл сайын ұйымдастырады. Ауыл балаларын қолдау мақсатында өткізіліп келе жатқан байқауға елді мекендегі мектептердің 5-6 сынып оқушылары қатыса алады. Білім бәсекесі 1000 дарынды баланы анықтайды. Олар білімін республикалық физика-математика мектебі, «Білім-инновация» лицейлері мен «Дарын» мектептерінде жалғастыруға мүмкіндік алады.
Фариза ОМАРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!