Сержан Аңдарбаев 2003 жылы Сауд Арабиясы Корольдігі,

Мәдина қаласындағы Ислам университетінің

«Дағуат және дін негіздері факультеті» бойынша түлегі.

2004-2006 жылдары Сауд Арабиясы Корольдігі, Мәдени орталық жанындағы кітапхана меңгерушісі, 2006-2011 жылдары – «Әл-Баракат», «Кәусар», «Х. Алтай» баспаларында діни басылымдар бойынша редактор, аудармашы, 2014-2021 жылдары Қызылорда облысы дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы қызметтерін атқарған. Болгар ислам академиясының магистранты.

– Қазіргі таңда шетелде діни білім алуға түрлі көзқарастар бар. Пікір-қайшылықтары жетерлік. Сіздің шетелде діни білім алуға шешім қабылдауыңыздың себебі неде?

– Осы кезде білім алып жатқан жеріме келсек, емтиханнан өтуім басты себеп болды. Сонымен бірге Болгар ислам академиясында білім алуға барлық жағдайдың жасалуы да таңдауымның осылай түсуіне себеп.

– Бүгінде елімізде діни білім беретін оқу орындары жеткілікті. Дегенмен, соңғы жылдары шетелде діни білім алып жатқан қазақ жастарының саны артып келеді. Сіздің пікіріңізше, отандық теологиялық білім беретін оқу орындарының әлеуеті қандай?

– Бұл ретте өзіме таныс емес тұрғыда тап басып бір нәрсе айту қиын. Отандық теологиялық білім беретін оқу орындарының әлеуетінен нақты хабарым жоқ екен.

– Шетелде оқуды жоспарлап жүрген жастар мен олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз? Бірінші кезекте қандай дайындықтан өткені абзал?

– Діни білім алғысы келетін адам ең алдымен ниеті мен мақсатын айқындап алуы керек. Шетелде оқуды жоспарлаған жастарға ең алдымен еліміздегі медреселердің бірін немесе Нұр-Мүбарак университетін тәмамдауға, бір жаққа бару емес, қалай қайтып келу жайлы ойлауға, ал ата-аналар болса, шетелде білім алғысы келген балалары жөнінде құзырлы органдармен, теолог немесе имамдармен ақылдасып барып шешім қабылдауға кеңес берер едім.

– Оң-солын танымаған жастарға шетелдік жат идеология мен күмәнді діни топтардың қауіптілігі қандай?

– Дүниетанымы толық қалыптаспаған жастар шетелдік жат идеология мен радикалды-экстремистік діни топтардың ықпалына түсу, нәтижесінде елде іріткі салып, діни алауыздықты насихаттау қаупі бар.

– Бүгінде күмәнді діни білім беру ошақтарында (марказдар) білімін жетілдіріп жатқан азаматтар да жоқ емес. Бұл туралы не айтасыз?

– Біріншіден, күмәнді марказдарда білім жетілдірілмейді. Онда тек бастауыш білім беріледі. Екіншіден, қазіргі кезде ең алдымен оқылатын Құран мен араб тілінің ұстаздары елімізде жеткілікті. Сол сияқты, білімді онлайн түрде де алуға болады. Сондықтан бастауыш білімді күмәнді білім беру ошақтарынан алу қосымша шығындарды талап ететін, пайдасы тию-тимеуі екіталай әрекет болса керек. Өз басым марказда оқып ғалым болып кетіпті дегенді естімеппін.

– Әр елдің өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болады. Азаматтарымыз шетелде бірнеше жылдар бойы білім алып жүріп, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмай ма? Осы тұрғыда ұлттық иммунитет қаншалықты керек?

– Шетелде жылдар бойы білім алып жүріп, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмау үшін, ұлттық иммунитетті жастар тек өз елінде қалыптастыра алады. Ал ұлттық иммунитеті қалыптаспаған жастар басқа «иммунитеттердің» ықпалына түсуі әбден ықтимал. Нәтижесінде олар елге «дүбәра» болып қайтады. Сондықтан шетелде білім жетілдіруге бұғанағы қатқан, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық құндылық арқылы жат пікірлерге тойтарыс бере алатын жастарды ғана жіберу керек.

– Өзіңіз оқып жатқан оқу орнында білім алып жатқан қазақ жастарын қандай шаралар біріктіреді, қандай ортақ құндылықтарыңыз бар?

– Мұнда өзімнен басқа қазақ та, қазақстандықтар да жоқ. Тындайтын хабарларым, алатын ақпараттарым қазақтілді болғандықтан, өзімді шетелде жүрмін деп сезінбеймін. Тіпті, жергілікті ұстаздар мен оқушылар мені бауырлас елдің өкілі ретінде қарастырады.

– Қазақ ислам дінін қабылдағанда дәстүрімен сабақтастыра білген. Сол себепті, дін мен дәстүр еш бөлінбей келді. Қазір екеуінің ара жігін ажырататындар көп. Бұған не дейсіз?

– Дін мен дәстүрді бір-бірінен ажырату – діни көзқарастың дұрыс қалыптаспағанының бір көрінісі. Бүгінде ұлттық дәстүріміздің қаншалықты құндылық ретінде бағасына жетіп жатырмыз? Жастар осы олқылықты дінмен толтыруға тырысуда. Содан болар, «оң қолымда Құран, сол қолымда сүннет, енді дәстүрді қалай ұстаймын» деген әңгімелер айтылады. Осының бәрі салт-дәстүріміз туралы келте ойдың салдары деп білемін. Жалпы, әдет-ғұрпымыздың, дәстүр-салтымыздың қайсысын алсақ та, асыл дінімізбен байланысады.

– Уақыт тауып, пікір бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

                                  Әңгімелескен

 Дәулет Қырдан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!