Белсенділер мен депутаттар елімізде оқушылардың бірінші сыныптан бастап үш тілді білім алуына қарсы шығуда. Бастауыш сыныпта балалар ана тілінде білім алуы керек деген олар орыс тілі мен ағылшын тілін оқушылардың таңдауы бойынша оқыту қажет екенін жеткізді. Бұл мәселе білім және ғылым министрлігінің құлағына жеткендей, олай дейтін себебіміз ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылынан бастап өзгерістер енгізілетінін жария етті. Осы орайда Stan.kz тілшісі аталған мәселенің төңірегінде қоғам белсенділері мен ата-аналардың не ойлайтынын сұрап білді.
Қоғам арасындағы резонанстан кейін білім және ғылым министрлігі халықтың үнінен құлақ түргендей: министр Асхат Аймағамбетов 7 маусымда мектептердегі тілдерді оқыту жүйесіне өзгерістер күтіп тұрғанын жариялады.
«Биыл бірінші қыркүйектен, яғни жаңа оқу жылынан бастап осы өзгерісті енгізуге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші сыныпта оқушылар өз ана тілін меңгеріп алуы керек. Қазақ тілінде оқып, жазуға дағдыланғаннан кейін, 2-сыныпта орыс тілін үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Ал үшінші сыныпта ағылшын тілін оқу да жеңілдейді», – деді Аймағамбетов үкімет кулуарында.
Министр бұдан басқа астар іздемеуге шақырып, шешімнің арнайы ғылыми негіздеме негізінде қабылданғанын жеткізді.
Дегенмен министрдің мұндай шешімі көпшілікке жақпаған сыңайлы.
Белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшім оқушылар бастауыш сыныпты аяқтағанға дейін тек бір ғана тілде оқытылғаны дұрыс екенін айтады.
Оның пікірінше, балалар ана тілінде оқып, ана тілінің базасын меңгерген соң ғана шет тілдерін оқытуға болады.
“Бірінші орынға орыс тілін, содан кейін ағылшын тілін қою дұрыс емес. Меніңше, шет тілі пәндері 5-6 сыныптан бастап оқытылып, онда да таңдау пән ретінде енгізілгені дұрыс. Ағылшын тілінде оқығысы келетіндер ағылшын тілі пәнін, орыс тілін оқуды жөн көргендер орыс тілі пәнін таңдай алады. Таңдау жасауды оқушылар мен ата-аналардың еркіне беру керек”, – дейді қоғам қайраткері.
Оның сөзінше, ал орыс сыныптары қазақ тілін бастауыштан бастап 11 сыныпқа дейін міндетті пән ретінде оқуы керек.
“Қазақ тілі пәнін аптасына 4-5 рет өткізіп, мемлекеттік тілді біліп шығуды міндеттеп қойған жөн. Көптеген елдерде, Әсіресе, Еуропаның көптеген елінде мемлекеттік тілді оқытатын мектептерді мемлекеттің өзі қаржыландырады. Ал басқа тілде оқытылатын мектептерде ата-ана өзі демеуші болады. Ал бізде мемлекет қаржыландыратын орыс, өзбек, ұйғыр т.с.с. мектептер жетерлік.
Бұған қоса елімізде азаматтар қазақ тілін меңгермесе, жоғарғы оқу орнына түсе алмайтындай заң қабылдануы керек деп ойлаймын. Мысалы, Ұлыбритания немесе АҚШ-та ЖОО-да оқу үшін міндетті IELTS және TOEFL сынды тілдік тесттер бар. Францияда да университеттерге тек тілі біліп қана түсе аласың. Сол сияқты бізде де 11-сынып біткеннен кейін тест тапсыртып, сертификат беру керек. Бұл қазақ мектебін бітіргендерге де қатысты, себебі қазір қазақ мектебін бітіріп, қазақша сөйлеп, жарытпайтындар жеткілікті”, – дейді саясаттанушы.
Қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі оқушылардың 10 жасқа дейін мектепте тек қазақ тілінде білім алуы керек дейді. Айтуынша, осыдан кейін ғана орыс немесе ағылшын тілдерін қосып оқытуға болады.
“Орыс тілі қазіргі таңда дүние жүзінде агрессияға ұшырап жатыр ғой. Сондықтан біздің елімізде де орыс тілін шектеу керек. Қазір ағылшын тілі қоғамның сұранысына ие. Біз де соған қарай ойысуға тиіспіз. Егер орыс немесе ағылшын тілін оқытуда таңдау жасалса, басым көпшілігі ағылшын тілін таңдайтын еді”, – дейді белсенді.
Сондай-ақ ол білім жүйесінен орыс әдебиеті пәнін мүлдем алып тастау керек деп ойлайды.
“Қазір білім жүйесінде орыс тілімен қатар орыс әдебиеті пәні оқытылады. Мен бұл пәннің оқытылуына үзілді-кесілді қарсымын. Бұрын да бұл мәселе талқыланып, петицияға төрт мың адам қол қойған еді. Меніңше, орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиеті пәні оқытылуы керек. Неге біз жас ұрпақты тек орыс әдебиетіне байлап, әлем әдебиетінен шектейміз? Орыс мектептерінде де, қазақ мектептерінде де дүние жүзі әдебиеті пәні оқытылып, соның ішінде бір тарауды ғана орыс әдебиетіне арнаса болады”, – дейді Руза Бейсенбайтегі.
Бір айта кетерлігі министрліктің үш тілді оқыту жүйесін қолдайтын ата-аналар да табылды.
Алматы қаласының тұрғыны Маржан Оразбаева оқушылардың 1-сыныптан бастап үш тілді оқи алмайды деген оймен келіспейтінін, керісінше бұл баласы үшін пайдалы болғанын алға тартты.
“Қазіргі уақытта балалардың даму қабілеттері бізге қарағанда жылдам, бәрін тез қабылдап, ұғынып алады. Оның үстіне орыс тілі қоғамдағы қажетті, қарым-қатынас тілі. Ағылшын тілін білу де артық етпейді, бұл тіл әрбір адам үшін бірқатар мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан меніңше, бұл тілдер бастауыш сыныптардан оқытыла беру керек. Дегенмен бір айта кетерлігі, қазақ мектептерінде сабақтар қазақ тілінде оқытылып, оқушылардың бір-бірімен қазақ тілінде сөйлескені абзал. Қазір білім ордаларында орын алып жатқан жағдайдан хабардармыз, балалар сабақтан тыс орысша сөйлесуге бейім”, – дейді алматылық келіншек.
Оның ойымен алматылық ата-ана Жанар Жансейіт да келісіп отыр. Оның сөзінше, мұндай жүйесінің арқасында балалары қазірде үш тілді жетік меңгерген.
“Менің балаларым 1-сыныптан бастап қазақ мектебінде оқыды. Әу бастан бастап орыс тілі мен ағылшын тілін қатар алып жүрді. Бірақ одан жаман болған жоқ. Қазір олар үш тілде де меңгеріп алды, жақсы сөйлейді. Дегенмен қазір қоғамда қазақ тілі мәселесі көтеріліп, қазақ тілділердің үлесін көбейтеміз дегендіктен қазақ тіліне ден қойылып жатыр. Көбі Жапонияның тәжірибесін айтып жатады. Бірақ Жапонияның моноұлтты ел екенін ұмытпайық. Ал Қазақстан көпұлтты ел.
Ал орыс тілі пәнінің үлесін азайтып, ағылшын тілі пәнінің үлесін көбейту дегенді мен қос қолдап қолдаймын. Өйткені ағылшын тілі – мәдениет, ғылым мен болашақтың тілі. Дегенмен қазір мектептерде тілді оқытудың методикасын өзгерту керек секілді. Себебі қарапайым мектептерде тілді оқыту ақсап тұрғандықтан мен әдетте балаларымды ағылшын тілінен қосымша сабақтарға қатыстырамын”, – дейді ата-ана.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!