Әр баланың ерекшелігін ескеру, іс-әрекетін талдау, табысты болжау, оқушыларды өз бетінше ізденуге жетелеу, танымдық қызығушылығын арттыру, өмірге жетелеу, оқушы тұлғасын құрметтеу ‒  ұстаздың, яғни біздің мойнымыздағы үлкен жауапкершілік. Кейде оқушы дәптеріне үңіліп, тапсырманы ыждағаттылықпен жазған шәкірттеріме қарап, олардың жаны, санасы менің қолымда екенін түсінемін.

 Ал мұның бәрі ұстаздық жолда өз кәсібімізді сүюден басталады. «Ұстаз болу, жақсы оқытушы болу үшін, оқытатыныңды да сүюің керек» деп В.Ключевский босқа айтпаса керек.Ұстаз болу ‒ еңбекқорлық пен үздіксіз шығармашылық ізденіс, кейде ұйқысыз түндер, тіпті қуаныш пен көз жасы.  Бұл ‒ кітап пен дәптер беттерінің, бормен жағылған қолдардың бітпейтін сыбдыры. Кейде түн ортасынан кейін білім іздеп, ұзаққа дейін сөнбейтін терезенің жарығы, кейде мейрамдағы құшақ-құшақ гүлдер мен шәкірттердің құттықтау тілегі. Бәрі бір өмірдің ішінде. Маған ұстаз кірпіштерді мықтап қалайтын, одан әдемі сарай тұрғызатын маман тәрізді көрінеді.

Өмірдің әр кезеңінен өте келе маған да «Ұстаз болу бақыты» бұйырды.  Иә, мен жас ұстаз ретінде бақыттымын, өйткені менде дүниені қайта-қайта танып білуге, балаларға күн сайын жанымның жылуын сыйлауға мүмкіндігім бар.

Арайлым ЫСҚАҚОВА,

№238 орта мектептің биология пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!