Дана халқымыз бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беріп, ұстазды ұлықтауды дағды еткен. «Дәрігер адамның тәнін емдейді, ұстаз жанын емдейді» деген де бар. Осы ретте биыл өңіріміздегі жоғары оқу орындарының қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіруші түлегімін. Кішкентайымнан ұстаз болуды арман еттім, алғашқы қадамдарымның осылай басталғаны үшін қуаныштымын.

Менің ойымша, әрбір адам шын мәнінде өзіне не қажет екенін ұғыну керек. Сол арқылы ғана арманы мен мақсатына табандылық танытып, қол жеткізе алады. Мектепте оқып жүргенде ұстаздарымды үлгі тұттым. Оларға қарап, бой түзеп, сол ізгі жандардың ізін басқым келді. Мұнда да жолым болып, жақсы ұстаздарға кезіктім. Бәлкім, адам баласы шынайы арманына қол созғанда осындай жетістіктерді еңсеретін болар…
Тарихтың тереңінен тамыр тартып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген тұғыры биік тұлғалар арасында университет түлектері жетерлік. Қоғамның қай саласында болса да талмай-тынбай еңбектеніп жүр. Міне, біз де солардың ізін басып, университетіміздің мақтанышына айналып, ұстаздарымыздың үмітін ақтайтынымызға сенемін.
Әлбетте, білім алу – өмір бойы тоқтамайтын процесс. Ол бір ғана оқу орнымен шектелмейді. Алдағы уақытта ғылымның жолына түсіп, тыңнан түрең салып, жаңашылығымен танылатын қазақтың білімді жастарының бірі болсам деймін. Иә, университеттегі қызық та ғажап уақыт сағат тілінен жылдам айналып, өтіп барады. Біз үшін осы бір төрт жыл ең бақытты шақтардай болды. Ұстаздарымның әрбір ақылы санамда жаңғырып тұрады. Олар бізге тек ілім-білімді ғана емес, өмір мектебінен алған сабақтарын үйретті. Тура жол сілтеп, дұрыс бағыт берді. Ұстаздарымыздың үмітін ақтау үшін қай уақытта да жақсы мұғалім болуды мақсат еттік. Өйткені, мұғалім тек бір баланы ғана тәрбиелемейді, ол сол бір бала арқылы ұлтты тәрбиелейді. Оның мектептің жүрегі екенін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтып кеткен.
Қазақ ғылымын көкке көтеріп, ұлағатты ұрпақты елдің кемел келешегін қалыптастыруға барлық ынта-жігерімізді саламыз. Біздің, бейбіт өмір ұрпақтарының алдында барлық мүмкіндік бар. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп бекер айтқан жоқ. Міне, алдыңғы буынның өкініші бізге сабақ болу керек. Білім кенін игеріп, кейінгі толқынға берер дүниеміз болсын, айтыр ойымыз болсын!
Ұстаздары­мыз – алдыңғы толқын, ал біз ұрпақтар сабақтастығын осылай жалғауымыз керек.

Аякөз СПАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!