«Мұғалім – адамның ардақты аты,
Білім де бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан,
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты». Классик Сәбит Мұқановтың осынау шумағын оқыған сайын терең ойға батамын. Себебі бұл алып-қосары жоқ, дөп айтылған дүние. Жүрегі кең, бір-бір үйдің еркесінің сауатын ашып, бар қылығын көтере білетін аяулы жанды бүгінде өз дәрежесінде құрметтеп жүрміз бе? Оқушының көзінше мұғалімді төмендетіп, баласының сөзін сөйлеуге көшетіндер ертең опық жерін білер ме екен?
«Бір әріп үйреткенге қырық күн сәлем бер» деген халық даналығы қазір құнды емес. Бірақ біз ұстаздың ұлы тұлға, өмірімізге азық болар білім нәрін себелеуші жан екенін ұмытпауымыз керек. Түркістандық белгілі журналист Сардар Әбдіжақия жақында фейсбук әлеуметтік желісінде: «Ұстаз – бар болғаны бес әріптен тұратын бір сөз. Шүлдірлеген тілімізді толық жетілдірген ата-ана емес, осы ұстаз. Біз мұны естен шығарып жатамыз. Алайда қазір кей жастардың ұстазға деген қарым-қатынасын естігенде жаға ұстайтын жағдайға жеткенімізді байқадым. Мұғалімнің кемшін тұсын іздейтін, ұстазының үстінен арызданатын, керек десеңіз, «білім алып, сауатыңды аш» деген қадірлімізді сотқа сүйреп жүргендерге айтар сөз де таппайсың», – деп қынжыла жазды.
Бұл орайда орыстың көрнекті педагогі К.Ушинскийдің «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деген дана сөзін ұмытпасақ екен. Біз өсіп келе жатқан жас шыбықпыз. Ал оның бағбаны – мұғалім. Жанашыр ұстаздарымыз еліміздің үкілеген ертеңгі үміті – бізді шың басына апарады. Ұстазды ұлықтасақ, қоғамда ойып тұрып орын алар азамат болып өсеріміз де даусыз. «Алғыс айту» күні қарсаңында қолыма қалам алып, алғаш әріп танытып, мәнерлеп оқуға баулыған ұстазым Қазына Ахметқалиева мен Гүлмира Жүсіповаға ризашылығымды айтқым келеді. Сіздердің мәртебелеріңіз біз үшін әрдайым биік.
Медина ЕРБАЙ,
Қ.Мұхаммеджанов атындағы
№1 мектеп- гимназиясының оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!