Өңірлерде педагогтердің оқу жүктемесін екі ставкаға дейін жеткізу жағдайлары бар. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір пән бойынша оқу жүктемесі 8 сағаттан артық болған жағдайда қоса атқарушы педагог конкурс арқылы жұмысқа қабылданады. 8 сағаттан кем болған жағдайда бос орын жүктемесі бір білім беру ұйымының педагогтарына бөлініп беріледі. Алайда, заң бойынша 9 немесе одан да көп бос сағат болған жағдайда сағаттарды бөліп, таратуға мүмкіншілік жоқ. Ұлттық білім беру деректер қоры мәліметтеріне сәйкес, өңірлерде бос сағаттардың әркелкі бөлініп беру фактілері бар. Оның ішінде сағаттарды бөлу, педагогтердің оқу жүктемесін екі ставкаға дейін жеткізу жағдайлары бар», – ол министрліктің аппарат жиналысында.

Оның атап өтуінше, 16 сағаттан кем оқу жүктемесі бар педагогтердің үлесі Қызылорда облысында 31, Солтүстік Қазақстан облысыда 27, Қостанай облысында 25 пайызды құрайды.

«Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында педагогтердің жетіспеушілігі байқалады. Соның әсерінен, 1, 1,5 ставкамен жүрген мұғалімдердің саны артып отыр. Ол Алматыда 70, Нұр-Сұлтанда 54 пайызды құрайды. Сондықтан осы екі қалада және басқа да қалаларда мұндай жағдайларды қарастыра отырып, жаңа оқу жылының басында тиісті педагогикалық жүктеменің дұрыс бөлінуін, тарификацияның дұрыс жасалуын басты назарға алу қажет», – деді Шолпан Каринова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!