«Jibek Joly» телеарнасына сұхбат берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ҰБТ нәтижесі жойылған 153 талапкерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мектептен шыққан оқушылардың басым көпшілігі ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған кезде түрлі ережені бұзу әрекеттеріне ұмтылып тұрады. Бірақ жыл бойы дайындалмаған балаға ол көмектеспейді. Заңсыз жолмен алған балдары ереженің тәртібіне сай 31 желтоқсанға дейін тексеріледі. ҰБТ жазда аяқталады. Ал тамыз айында талапкерлер оқуға түсіп, қыркүйекте сабаққа кіреді. Осы аралықта пост-мониторинг жүргізіледі. Комиссия құрылып, барлық баланың тестілеу кезіндегі бейнежазбасы қайта қаралады. Оған біршама уақыт керек. Бүгінгі таңда заңсыз балл жинаған 153 бала анықталды», – деп тексеріс жұмыстарының нәтижесімен бөлісті вице-министр.
Талғат Ешенқұлов бұл оқушылардың нәтижелері жойылғанмен, олар ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыра алатынын мәлімдеді.
«Ұлттық бірыңғай тестілеуді жыл бойы бес рет тапсырады. Оның екеуі грант алу үшін, үшеуі ақылы негізде оқуға түсу үшін. Осы 153 баланың ҰБТ-дан ақылы түрде өткенін растайтын сертификаты болса, онда талапкер университетке ақылы формаға ауысып, әрі қарай оқуын жалғастырады. Егер ондай сертификаты болмаса, ол сол оқу орнына шартты түрде қабылданады. Кейін қаңтар айында қайтадан ҰБТ тапсырып, 50-ден жоғары балл жинаса, ол әрі қарай оқи береді. Шекті балл жинай алмаған жағдайда бала оқудан шығарылады», – деді Талғат Ешенқұлов.
Айта кетейік, бұған дейін видеожазбаларды тексеру қорытындысы бойынша биыл грантқа ілінген 137 талапкердің ҰБТ нәтижесі жарамсыз деп танылғанын жазған едік.
Сонымен қатар, вице-министр «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбаты барысында Алматыда әлі 500 cтудент ешқайда орналастырылмағанын мәлім етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!