Coursera – дүниежүзіндегі үздік 170 университеттің оқу курстарын бір платформаға жинақтаған білім беру платформасы. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары платформаға арнап, оқу курстарын даярлауда.

Осы орайда университеттегі физика – математика ғылымдарының кандидаты Арыстанбек Тұяқбаевпен Courseraға курс әзірлеудің мақсаты, ерекшелігі туралы әңгімелестік.

 Арыстанбек Әбуұлы, дүниежүзілік білім беру платформасына арнап қандай курс әзірлеудесіз? Курс барша қолданушыларға тиімді ме?

 Coursera білім беру платформасына жалпы Физика курсы бойынша  online оқулық дайындаудамыз. Бұл оқулықты кез келген білім алушы компьютер немесе смартфон арқылы онлайн қолдана алады.

Қазіргі таңда оқулық қазақ тілінде толық жасақталған. Сондай-ақ, орыс және ағылшын тілдерінде даярлануда.

Оқулықтың мазмұны туралы айтып өтсеңіз…

 -Бұл оқулық төрт бөлімнен тұрады, атап айтсақ «Теория»,  «Есептер», «Виртуалды зертхана» және «Тест» бөлімі.

«Теория» бөлімінде әр тақырыпқа мәтіндер, видео материалдар, 3D форматтағы демонстрациялық жұмыстар дайындалған. Әрбір мұғалім сабақ үстінде демонстрациялық жұмыстарды көрнекі құрал ретінде қолдана алады. Дайындалған демонстрациялық жұмыстарды видео арқылы көруге немесе қолданушы өзі жасауға болады.

«Есептер» бөлімінде Механика, Молекулярлық физика, Электрлік бөлімі және Оптикадан әр тақырыпқа есептер дайындалған. Әр есептің шығару жолы көрсетілген. Әр тақырыптың есептері біртіндеп күрделенген.

«Виртуалды зертхана» бөлімінде  Механика, Молекулярлық физика, Электрлік бөлімі және Оптикадан 3D форматтағы  зертханалық жұмыстарды қашықтықтан  жасауға мүмкіндік жасалған.

 Курстың ерекшелігі қандай?

– Курстағы 3D форматтағы виртуалды зертхана шынайы өмірдегідей жасақталған. Негізгі ерекшеліктеріне тоқталсақ,барлық қондырғы қазіргі кездегі қолданыстағы зертханалық қондырғыларға толықтай сәйкес және 3D форматта болғандықтан қондырғыларды алыстатуға, жақындатуға немесе бұрып кез келген жағынан көруге болады.

Екіншіден, барлық физикалық процесстегі өлшеулер нақты өмірдегідей  өлшеу қателерімен жасалады (яғни бір тәжірибені бірнеше қайталаған кезде өлшенген шамалар бір бірін дәлме-дәл қайталамайды). Сондықтан әрбір жұмыста эксперимент дәлдігін табу керек. Бұл физикалық процесстерді терең түсінуге мүмкіндік береді

Курс барысында теориялық білім алып қана қоймай, тапсырмаларға жауап беру мүмкіндігі қарастырылған ба?

– Иә, «Тапсырма» батырмасын бассаңыз, осы зертханалық жұмысты қалай жасау керектігі туралы хабарлама ашылады.  «Дайындау» батырмасын бассаңыз, осы зертханалық жұмысты жасауға дайындайды. «Бастау» батырмасы арқылы жұмысты бастайсыз. «Тест» бөлімінде дайындық және өзін өзі тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Дайындық кезінде оқушыға сұрақтар рет-ретімен келеді. Дұрыс жауабын таңдап, енгізген кезде жауабы дұрыс болса «Дұрыс» деген, дұрыс болмаса «Дұрыс емес» деген хабарлама шығады және дұрысын көрсетеді.Жауап дұрыс болса да дұрыс болмаса да «Көмек алу» батырмасын басып есептің толық шығарылуын, көре аласыз. Егер сұрақ теориялық немесе логикалық болса видео арқылы түсіндіме көруге болады.

Өзін өзі тексеру кезінде таңдаған бөлімнен 25 сұрақ кездейсоқ түрде беріледі. Әр жауаптан соң жауаптың дұрыс немесе дұрыс емес екені ескертіліп отырады және қанша сұраққа дұрыс жауап берілгенін көре аласыз.

Сұхбат үшін рақмет!

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

 медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!