Тараздағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 200-ден астам қызметкері жалақыларының заңсыз қысқартылуына байланысты наразылыққа шықты деп хабарлады turkystan.kz biz01.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік оқу орнының техникалық қызметкерлері уәждерін айтып ректорға кіре алмайтындарын, оған «қолдары жетпейтінін» айтады.

Еден жуушы, ұста, қойма қызметкерлері сынды ең аз айлық алатын азаматтар үшін бұл «жаңалық» төбелерінен жай түскендей әсер еткен. Өйткені, олардың айлық жалақылары әрқалай, 20, 40, 50 пайызға дейін қысқарып кеткен. Мысалы, осы уақытқа дейін 140 мың айлық алатын қызметкерге небәрі 70 мың теңге жалақы түскен.

Онсыз да аз айлыққа жұмыс істеп жүрген азаматтар бұл өздерінің құқықтарының өрескел бұзылғандығы деп біледі.

Жұмысшыларға мән-жайды түсіндіріп, оқу орны басшылығының бұл әрекеті қаншалықты заң аясында екенін анықтау мақсатында аталған университет басшылығы, прокуратура органдары өкілдері келді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!