Мәдени сынның оңай әрі жеңіл бір жолы бар. Көбіне бұл әдісті консервативті колумнист қолданады. Ол тәсіл – бүгінгі процессті кешегі күннің безбенімен өлшеу, яғни ескірген өлшемдерді мысал етіп, заманауи құбылысты сынау. Университет туралы жазбаққа бекіген кез келген адам ұшырайтын келеңсіздік осы деп айтар едім. Ғалымға қоғамдағы ашылған өнертабыс пен білім беру ісі арасындағы жаңалықтың өміршеңдігі мен сапасын бағамдау қиын. Мысалы, мәтінді жазу машинасымен теру қауырсын сапты қаламды ығыстырғанын білеміз. Бірақ өркениет жетістігінің жетілу мерзімі мен келесі сатысын сараптау қиынға түскендіктен ешбірін адамзат үшін пайдасыз болды деп айта алмаймыз емес пе?!
Осы мысалдың жетегімен тақырыпқа көшейік. Кезінде әлемнің әр бұрышындағы студенттің білім іздеп баратын университеті Ұлыбритания мен АҚШ-та еді. Алайда кейіннен сұраныс Сингапур мен Аустралияға ойысты. 1990 жылы ел билігі аустралиялық университеттерге білім алушылардан түсетін оқу ақысын ұлғайтуды тапсырып, нәтижесінде шетелдік студенттердің үлесі 25 процентке артқан. Себебі ХХ ғасырда ғана ақылы негізде білім алу жүйесі толық қолға алынғандықтан адамзаттың университетте оқуға деген талпынысы аяқ-астынан ұлғайды. Осы межені ұстап тұру үшін және табыс көлемін арттыру мақсатында Ұлыбритания мен АҚШ та ақылы негіздегі білім беру жүйесін дамытуға көшті (2010 жылы Лондон экономика мектебіндегі шетелдік студенттер үлесі 60 процентке жеткен).
Студент қатары артқан соң университеттерде жаңа білім стандартын енгізу міндеті болатыны анық. Осылайша әлемге әйгілі Болон процесі жүзеге асты. Бұл процестің мақсаты – еуропалық жоғары кәсіби білімде біртұтас жалпыеуропалық білім кеңістігін қалыптастырып, оны жаһандық өлшем етіп айқындау. Аталған білім беру үрдісі бастауыш, магистр, докторлық дәрежелерге ортақ классификация мен оқу кестесін әзірлеуге ықпал етті. Осы жүйенің нәтижесінде студент бір елдегі ұлттық білім беру жүйесінен екінші елдің моделіне оңай ауысуына мүмкіндік алды. Себебі – жүйе бір. Семестрлік «модульді» жүйе.
Әйткенмен, ғаламдық ортақ жүйенің ерекше танымал тұсы бөлек. Ол – университеттер рейтингі. Егер бір университеттің көрсеткіші рейтингте жоғары сатыда болса, оны барлық жарнама мен үгіт-насихат құралы мысалға келтіріп, әспеттейді. Бұл бүгінге дейін қалыптасқан әдет. Шындығында, практикалық тұрғыда университетің танымалдығы мен сапасы сай келе бермейді. Себебі көп жағдайда бағалау көрсеткіші студенттердің субъективті пікірін жинақтау арқылы жүргізіледі. Білеміз, мұндай тәсіл сенімді әрі пайдалы боларлық ақпарат алуға көмектесе алмайды.
Өкініштісі, футбол менеджерлері ойында өзгерген стратегияны бағамдау үшін рейтингке сүйенетіні секілді ректорлар да бұл бағалау формасына тәуелді күйде қалып отыр. Соның салдарынан университет туралы кез келген пікірталас «рейтинг синдромынан» әріге бармайды. Осы орайда ғалымдар арасында тараған әзіл-шыны аралас ұғымды айтқым келеді: Үнемі «үздік топтан» түспейтін университеттер бір «лигада ойнайды» екен. Талас та өзара жүрмек. Ал қалған университеттерді көңіл аудару ниетімен көз қылып қосатынға ұқсайды. Міне, бағалаудың сиқы.
Оған қоса қазіргі таңда ұлттық сапа көрсеткішін америкалық білім беру локомотивіне қарсы тұра алатын университет құру деген қасаң қағидаға теліп қойғаны тағы бар. Қайталап айтамын, университетті бағалау өлшемі сан қилы. Тіпті мықтыны анықтау биология, химия, физика ғылымдарындағы зерттеулермен де айқындалғанымен, қаржылай инвестиция көлемі бәрібір таразының бір басын төмен түсіретіні анық. Сондықтан әділ рейтинг күтуге әлі ерте. Мәселен, Ұлыбританиядағы университет туралы таластың басым дені «Кембридж, Оксфорд университеттері, Патшалық колледжі АҚШ-тың Гарвард, Стэнфорд, Массачусетс университетімен бәсекеге түсе ала ма?» деген сауалдың айналасында. Кей ел университеттерін «үздік 50», «үздік 100» ЖОО қатарына қосумен әлек. Ал «швед пен норвегтің білім беру жүйесі жергілікті халыққа қаншалықты тиімді?» деген секілді танымдық сұрақ қойылмайды. Мойындауымыз керек, интеллектуалды танымның мұрагері саналатын ұлтаралық мінез-құлық «жаһандану» ұғымынан бұрын туды емес пе?! Сондықтан өзара ішкі «бәсеке» түкке тұрмайды. Сол себепті «жаһандану», «мультиверситет», «рейтингке» асқан сақтықпен қараған дұрыс.
Сөзімізге дәлелді ешқандай рейтингсіз қоғамның интеллектуалды өмірінде орасан рөл атқаратын жекелеген университеттерден байқауға болады. Ондай ЖОО назарға ілінбесе де адамзаттың байланысы мен білім беру ісінің өркендеуіне жол ашып келеді. Бәрінен бұрын университет жады мен интеллектуалды сипаты жеке тұлғаға тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.
СТЕФАН КОЛЛИНИ,
Кембридж университетінің профессоры.
Орыс тілінен
ықшамдап аударған:
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!