Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Нұрымов атындағы дәрісхана ашылды.

Шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегі елеулі екенін атап өтті.

«Университеттің дамуына, болашақ мамандардың сапалы білім алуына зор үлес қосқан қадірлі ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында олардың атына мамандандырылған дәрісхана ашу университетімізде дәстүрге айналып келеді. Бұл – игілігі мол, рухани, үлгі тұтарлық дәстүрлі шара.

Ғалымның күрделі экологиялық жағдайда жемшөп өндіру жүйесін дамытудың көкейкесті мәселелеріне және жоғары оқу орнына арналған 80-нен аса ғылыми еңбегі және 4 монографиясы жарыққа шыққан.

Сонымен қатар, Дүйсен Егенұлы «Ауылшаруашылық тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі», «Ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау», «Көпжылдық шөптер» деп аталатын 3 оқулық және 50 әдістемелік нұсқаулықтың авторы.

Дүйсен Нұрымов ұлағатты ұстаз ретінде жоғары кәсіби мамандар дайындау мен шәкірт тәрбиелеу ісіне де зор көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен 10 аспирант кандидаттық диссертацияларын абыройлы қорғады – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Салтанатты жиында оқу орнының стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін профессордың ұлы Ерлан Нұрымов «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды. Сонымен қатар Дүйсен Егенұлының жары Тілектес Кекілбайқызына құрмет көрсетілді.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымның туған-туыстары, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов, «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құрманбек Бәкірұлы, техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаров ғалымның еңбек жолы мен тұлғалық болмысы, өнегелі істері туралы сөз қозғады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!