Бүгінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарына орыстілді мамандарды дайындау тиімсіз. Бұл туралы Астана халықаралық университеті Педагогикалық институтының директоры Жанна Ахмадиева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Астанада 42 жаңа мектептің салынуы педагогикалық кадрлар мәселесін ушықтырады. Қала өсіп жатыр. Елордада 18 университет бар. Алайда оның тек үшеуі ғана педагог мамандарды дайындайды: Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Астана Халықаралық университеті және Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты, – деді институт директоры республикалық Тамыз кеңесінде.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті педагогикалық білім беруді жаңғыртудың тұжырымдамасын дайындаған. Биыл концепция бекітілген.
Жанна Ахмадиеваның пікірінше, елімізде орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі байқалады.
Педагог кадрлардың қажеттілігін болжау керек. Республика бойынша педагог кадрлардың біркелкі бөлінбейтіні жасырын емес. Бүгінде орыс тілінде оқытатын кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, былтыр бізге химия арнайы бағдарламасы бойынша 38 талапкер оқуға түсті. 36-сы қазақ тілінде білім алса, екеуі орыс тілінде оқитын болды. Бұл ЖОО-ның жеке оқыту траекториясын өзгертуіне алып келеді. Себебі университетке осындай (орысша білім алатын – автор) студенттерді даярлау тиімсіз. Салдарынан кадр тапшылығы туындайды әрі орыс тілінде сабақ беретін педагогикалық кадрлар қартайып жатыр, – деді басшы.
Оның айтуынша, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ елордаға қанша педагог керектігіне болжам жасаған. Зерттеуге сәйкес, 2026 жылға қарай Астанада 7,5 мыңға жуық мұғалім жетіспеуі мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!