Дүниежүзілік «WRO-2022» олимпиадасы робототехника­ның мүмкіндіктерін ұлғайту мақсатында ұйымдас­тыры­лып, құлтемір қызметін жақсартуды көздейді. Қуантарлығы, әлемдік деңгейдегі білім бәсекесінің аймақтық кезеңінде Сыр зияткерлері алдына жан салмады. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары  аталған додада бес бірдей  бірінші орынды иеленді.

Бұл  жарыста қатысушылар құлтемірді өздері құрастырып, жасанды достарын көпшілікке таныстырды. Жобаны қорғау барысында олардың кедергілерден өту, заттарды бір нүктеден екінші нүктеге қозғалту секілді әрекеттерді орындау шеберліктері бағаланды. Ал шығармашылық номинацияда қатысушылар өздерінің инновациялық жобалары мен өнертабыстарын ұсынды. Мәселен, қалдықтарды өңдеуге арналған биоконвейер, саусақ ізі бойынша науқастарды анықтауға мүмкіндік беретін әмбебап құрылғы, автоматтандырылған ферма және тағы басқа құрылғылар әділқазылар назарына ұсынылды. Аталған жобалар арасынан «RoboMission» категориясында  Максим Усольцев пен Данила Осетров және Сұлтан Қани мен Ернұр Жасылықов жеңімпаз атанса, шығармашылық кезеңде  Нұрдәулет Әділбек пен Аружан Мұханбетияр және Әділет Сәду мен Мұхтар Нағашыбайдың топтары бірінші орынды иемденді. «Future Engineers» категориясындағы  жүлде Нұрбол Жақсылық пен Нұрмұхамед Оразбековке бұйырды.

Нұрдаулет пен Аружанның «Cleaner-2022» роботын құрастыруға екі ай уақыт жұмсалған. Ал қажетті құралдар LEGO MINDSTORMS EV3 жинағынан алынған.

– Уақыты тапшы, алайда мал шаруашылығымен айналысуды қалайтын жандардың жұмысын автоматтандырылыған роботтар көмегі арқылы жеңілдетуді мақсат еттік. Осы орайда біз мәселенің басты шешімі ретінде «Cleaner-2022» роботын ойлап таптық. Робот автоматты түрде малдың жай-күйін баптай алады. Төрт түліктен шыққан қалдықтарды адам көмегінсіз тазалай алады. Автоматты түрде үй жануарларына еш зиян тигізбейді, тек малды негізгі қорадан қосымша қораға көшіре алады. Өздігінен малға су-жем беруге қабілетті. Біздің роботымыз мал шаруашылығымен айналысатын адамдардың уақытын үнемдеп қана қоймай, Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз, − дейді Нұрдаулет Әділбек.

Айта кетейік, биыл жас өнертапқыштар сайысына барлығы 18 команда  қатысты. Оның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектебі, Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейі, “Ziyatker” инновациялық мектеп-лицейі, Е.Әуелбекова атындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп, С.Сейфулин атындағы №4 ІТ-мектебі,  М.Шоқай атындағы №187 ІТ-мектебі, И.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицей және №277 мектеп-лицейінің оқушылары бар. Енді жеңімпаз командаларды республикалық кезең тапсырмалары күтеді. Олар облыс намысын қорғап, әлемдік додаға қатысатын Қазақстан құрамасы сапында жүлде үшін сайысқа түсетін болады.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!