Үздік маман даярлау үшін оның қабілетін шыңдау қажет. Яғни студенттерге арналған бағдарламалар арқылы біліктілікті арттыруға көмектесу маңызды. Соның ішінде педагогика саласы топ бастап тұр. Ұстаздық жолын қуған мектеп түлектері жауапкершілікті ерте бастан сезіну де ерекше маңызға ие. Осы орайда болашақ мұғалімдерге арналған «Ыбырай қоғамдық қорының» көмегі зор.

Қордың басты мақсаты – үздік түлектерді педагогика саласына тарту, білімін арттыра отыра кадр тапшылығын жою. Қор «Mugalim» бағдарламасымен бірлестікте  жұмыс істейді. Жоба 2017 жылдан бастап салаға ауқымды үлес қосып келеді. 200-ден астам түлек, 1000 стипендиат, 62 ЖОО-мен біріге жұмыс атқарып отырған бағдарлама бүгінде кәсіби білікті мамандар даярлауда оң жетістікке жеткен. Университетте үздік нәтиже көрсеткендерге жоғары стипендия тағайындалады. Жалпы, «Ыбырай» қорында 62 стипендиат білім алады. Олардың 55%-ы гумманитарлық бағытта оқыса, қалған 45%-ы жаратылыстану саласында біліктілігін арттыруда. Шәкіртақы көлемі 30 мың теңге, ал жоғары стипендия иегері 50 мың теңге алады.

Студенттер 4 бағыт бойынша шыңдалады. Олар – кәсіби даму, тұлғалық даму, әлеуметтік даму және тіл білімі. Пәндік білім, арнайы тесттер, онлайн семинар-тренингтер, курстар мен әлеуметтік шаралар студенттердің жан-жақты ашылуына негізделген. Сонымен қатар тілдік білімді арттыру үшін IELTS тестін тапсыруға мүмкіндік қарастырылған.

Қорға қабылдану үшін 3 кезеңнен өту қажет екен.  Бірінші кезекте сайтқа өтіп, өтінім қалдыру тұр. Екіншісінде арнайы құжаттарды тапсыру керек, шешуші 3 кезеңде бағдарлама өкілдерімен сұхбаттасу бар. Негізгі басымдық соңғы кезеңге түседі, себебі студенттің амбициясы мейілінше биік болса, соғұрлым жеңімпаз атануға мүмкіндігі басым. Сонымен қатар абитуриенттің ҰБТ-дан алған баллы, әлеуметтік жағдайы, қабілеті мен жетістіктері ескеріледі. Айта кететін жайт, «Ыбырай» қорында ақылы негізде білім алу жолы қарастырылмаған. Алайда бұл шығын шығаратын студенттер үшін оңтайлы мүмкіндік.

«Үлкен өмірге қадам басқан сәт маңызды кезең болды. Таңдаған мамандығым жауапкершілікті талап етті, себебі сауатты ұрпақ тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше емес пе? Өзімді тек университет білімімен шектеп қойғым келмеді. Ұстаздық ету үшін тәжірибесі мол, жаңашыл идеяларға толы әдістемемен жұмыс атқарғым келді. Болашақ физика пәнінің мұғалімімін. Ал пәнді толық меңгеру үшін тілдік тұрғыдан ағылшынды жетік білу қажет. Осы орайда мұғалімдік қабілетімді ашуға, оларды дамытуға үлес қосқан, сонымен қатар тілдік білімімді арттыруға көмегін тигізген «Ыбырай» қорына алғысым зор. Жоба арқылы өзіңді дамыта аласың, сондай-ақ бәсекеге қабілетті болып шығасың. Сарқылмас тәжірибе иесі, білікті ұстаздардың шәкірті болу мен үшін мақтаныш», – дейді қордың белсенді студенті Шыңғыс Қазбек.

Аталған қор дәстүрлі түрде байқаулар өткізіп, спорттық шараларды ұйымдастыруда да алда. «Желмен бірге» жайдарман құрамасы шәкірттерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат тұтады. Жақында олар жылдық есеп беру концертін де өткізіп, үздік студенттерге бағалы сыйлықтар табыстады. Қазір қордың түлектері 125 High School, Dostyq School, Zerek Intellectual School мектептерінде қызмет етіп, тәжірибе толықтыруда.  Сондай-ақ олар қордың арқасында шетелде оқуға мүмкіндік алып, Еуропаның беткеұстар университеттерінде магистрант атанды.

Атап айтсақ, Ақерке Ақберген Ұлыбританиядағы University of Sussex-те, Жанбота Байділда АҚШ-тағы University of South Florida-да тәжірибе жинауда.  Олар жуық арада жиған білімін ел пайдасына жаратуға асық.

Нұршат Нышанова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!