Бүгінде кәсіптік білім берудің көкжиегі кеңейді. Қоғамға қажетті мамандықтарды сұрыптап, оларға басымдық беріліп келеді. Таяуда «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жастарға кәсіптік және техникалық білім беру бағыты бойынша кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Иә, білімге құйылған қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Мұны бүгінгі қоғам өкілдері нықтап түсінген. Бұл сөзіміздің айқын дәлелі – Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің бүгінгі келбеті. Таяуда «дамулықтармен» бірге оқу орнының бүгінгі жағдайына қанығып қайттық.
Бұрынғы ғимарат пен бүгінгі келбетті салыстыру қиын, әрине. Жаңа кейіпке енген. Ғимараттың қасбетінен бастап, өзіне шақырып тұрғандай жарқын көрініске ие болған. Айта кетейік, сонау 1950 жылдары салынған нысанға қайтадан жан біткендей. Колледж директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Естөре Құлтаев бұл жұмыстың тек бастамасы ғана екенін жеткізді.
«Қаржы басқармасы 2021 жылдың тамыз айында сауда-саттық конкурсын өткізген болатын. «Шакенова» жеке кәсіпкерлігі конкурс жеңімпазы атанды. Содан бері біраз тірлік атқарды. Біздің алған келісім-шарт бойынша міндеттемелерімізде ғимаратты реконструкциялау, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бар. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы білім саласындағы өзінің профилін сақтай отырып жүргізілді, әлі де жүргізілуде. Ойға алған мақсаттарды орындау үшін 2022 жылы біз «Форте банк» екінші деңгейлі қаржы ұйымы арқылы 300 миллион теңге несие алдық. Негізі 19 процентпен алдық, оның 13 проценті сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүргізілді. Бізге 6 проценті қалды. Сол алған ақша өзіміздің құйған инвестицияға қосымша ретінде осы ісімізге құйылды. Алынған қаржы толығымен реконструкциялауға, жаңа құрал-жабдықтармен қамтуға жұмсалды», – дейді Е.Құлтаев.
Бүгінде 16 мамандық, 31 біліктілік бойынша маман даярлайтын оқу орнында 508 студент сапалы білім нәрімен сусындауда. Олар бұл жерден толыққанды маман атанып шығу үшін теория мен практикаға баса мән берілген. Әрбір шәкірттің ойға алған жоспарының орындалуына ұстаздары бірлесе атсаласып келеді.
«Бізде құрылысшы, тігінші тәрізді мамандықтар оқытылады. Олардың өзін істе сынау үшін ғимарат ішінде арнайы цех та жұмыс істеп тұр. Станоктар мен құрылғыларды кітаптан, суреттен көрген оқушыдан мықты маман шықпайды. Олар қолмен ұстап, көзбен көру керек. Сол себепті, біз осы бағытқа басымдық берудеміз», – дейді Естөре Бижігітұлы.
Колледж басшылығы бұл жұмыспен шектеліп қалмай, алға айқын мақсаттар қойған. Оған қарқынды қадам да басталып кетті. Межелі жоспарға жету үшін жан-жақты ойласып, оқу орнының жоғын бүтіндеу ісі әлі де жалғасу үстінде.
«Айта кетейік, 2022 жылы сенімгерлік басқаруға алған келісім шарт бойынша біз тағы да қаражат салуымыз керек. Сол себепті «Форте банк» арқылы бұл жолы 150 миллион теңге несие рәсімдедік. Бұл жолы 21,75 процентпен берілген несиенің 13,75 проценті субсидияланады. Ал біз 8 процентпен қайтарамыз. Бұл ақшаға не істейсіздер деген сауал туындауы заңдылық. Қазір колледждің спорт залы болмағандықтан, көп жерде мүмкіндігіміз шектеліп тұр. Сондықтан оқу орнының спорт кешенінің жобасын жасадық, қаражат құйып, құрылыс жұмыстарын жүргізудеміз. Толық реконструкция біткен соң мұнда оқитын балалардың санын 600-ге жеткізу межесі тұр. Болашақта елімізді дамытатын сауатты, білімді мамандарды тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан бұл істе аянбаймыз. Алдағы уақытта 20-30 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспарымыз бар», – дейді Естөре Құлтаев.
Өңірдегі бизнесті мемлекет тарапынан белсенді қолдау аясында мұндай бастамалардың көпшілігі қолдау көруде. «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бизнеске, оның ішінде кәсібін жаңа ашқандарға қолдау көрсетудегі жұмысы жоғары. Қор құрылған кезден бастап Қазақстан бойынша жалпы несие сомасы 11,4 трлн теңге болатын 197 мыңға жуық бизнес-жобаны қолдады.
«Кәсіпкерлікті ынталандыру ел экономикасының серпінді дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, халықты жұмыспен қамту саны артып, тауарлар импорты азая бастағаны байқалады», – дейді «Даму» қорындағылар.
Иә, ел өміріндегі маңызды мамандықтарға балаларды тәрбиелеп жатқан оқу орнының болашақта да талай марғасқа таланттарды топқа қосатынына сенеміз.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!