Жаңа оқу жылында барлық білім ордасында жасалатын алғашқы шараның бірі – өткенді сүзгіден өткізіп, алға жоспар құру. Бүгін біз де ұйымдастырылған ауқымды шараның бірін еске алып, оны кеңінен тарқатпақбыз. Бұған дейін №3 «Алтын Орда Шұғыла» бөбекжай бақшасында облыстық оқу орталығының жылдық жоспарына сәйкес, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың заманауи тәсілдері» тақырыбында облыстық тәжірибе алаңы өтті.
Маңызды шараны тарқату үшін маман пікірлерін ортаға салсақ.
Гүлнар БАТЫРБЕКҚЫЗЫ,
Облыстық оқу орталығы директорының орынбасары:
– Шараға Қызылорда облысының аудандары мен қаласынан жекеменшік балабақша құрылтайшылары, меңгерушілері, атап айтқанда 40-қа жуық педагог қатысты. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – тәжірибе алмасу. Яғни бүлдіршіндерді дамытуда өткізілетін іс-әрекеттерді ойын арқылы ұйымдастырудың маңызы іс жүзінде көрсетілді.
Бибайша СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
№3 «Алтын Орда Шұғыла» бөбекжай бақшасының меңгерушісі:
– Облыстық семинарды өткізетін ұжым тәжірибе алаңында қай тақырыпқа ден қоятынын өзі таңдайды. Біз баланың тұлғалық қасиеттерін дамыту, шығармашылыққа баулу, зерттеу арқылы қоршаған ортаны тану, физикалық қабілетін дамыту және бала тәрбиесіндегі ананың рөлі жөнінде жұмыс жүргізуді мақсат еттік. Барлық тақырыпты жан-жақты ашуға және балаға да, семинарға келген қонаққа да ерекше үлгіде жеткізуге тырыстық. Сонымен қоса семинарда тәжірибесімен бөліскен сегіз маманның 3-еуі жастар екенін ерекше атап өту қажет. Бұл шарада балабақша методикасындағы жаңашыл технологияларды таныстырдық.
Семинардың өту барысына келсек, тәжірибе алаңына арнайы келген қатысушыларды тіркеуден кейін өнерлі балалар көңілді концертпен күтіп алды. Одан кейін балабақша мәзіріндегі таңғы астар ерекше жолмен көрсетілді. Яғни қонақтар «Breakfast time» атты әртүрлі пішіндегі ыдысқа салынған таңғы ас түрінен әзірленген фуршеттен дәм татты.
Одан кейін қонақтар балабақша тәрбиешілерінің авторлық «Ойындар кейсі» қызықты ойындар көрмесін тамашалады. Көрмеде ұсынылған ойындардың барлығы дерлік ең алдымен баланың логикасын, моторикасын дамытуды көздеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Асық fast» сынды ойынды ерекше атап өтуге болады.
Айгүл ТАУБАЕВА, үйірме жетекшісі:
– Тәжірибе алаңында балабақша қабырғасында ұйымдастырылған «Харизма» үйірмесінің нәтижелі жұмысын таныстырдым. Үйірме жұмысының басталғанына 3 ай ғана болса да, балалардың бойында көшбасшылық қабілет шыңдай алдық. Үйірмеге сахна мен телевизия саласына қызығушылық танытқан 10 бала іріктеп алынды. Ол балалармен сахнада өзін сенімді ұстау, тілін дамытуда артикуляциялық жаттығулар жасау, актерлік шеберлік сабақтарын өткізу бағытында жұмыс істедік. Сондай-ақ балалармен бірге театр және телеарна ғимаратына экскурсия жасадық. Әр экскурсия күнгі балалардың эмоциясын айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығының көзінде жаңа мамандықтарға деген құлшыныс байқалды.
Ақниет БЕГАЛЫ, ересек топ тәрбиешісі, жас маман:
– Бүгінде балабақшада аса назар аударылуы тиіс мәселе – көп баланың ойын ашық жеткізе алмауы. Бала үйдегі уақытын көбінесе ұялы телефонмен өткізеді. Экранға үнсіз қарап отырған баланың тілі дамымайды. Бұл мәселені шешуде бізге түрлі жаттамақ, ертегі-әңгімелер, өлеңдер көмектеседі. Мен тәжірибе алаңында «Логоритмика» тақырыбын алдым. Логоритмика – сөз, қозғалыс пен әуеннің қосындысы. Яғни бала ән айтып тұрып, оның ішіндегі сөздерін ұғынып, оны қимыл-қозғалыспен көрсетеді. Бұл баланың тілімен қоса миындағы нейроталшықтары да қатар дамытады. Логоритмика әдісі шетелде кеңінен қолданылады. Менде сұрақ болды, бізде неге жоқ? Ғаламтордағы логоритмикалық жаттығудың көбі орыстілді. Балабақша меңгерушісінің ұсынысымен авторлық «Логоритмика» жинағын жасадық. Оның ішінде оннан астам логоритмика мәтіні, жанына қимыл-қозғалысын баяндайтын арнайы видео түсіріп, QR код көмегімен жинаққа енгіздік. Кітапша семинарға келген барлық әріптестерге таратылды.
Ардақ АМАНГЕЛДІ, ортаңғы топ тәрбиешісі, жас маман:
– Тәжірибе алаңында «Джунгли шақырады» атты пилатес гимнастикасын көрсеттім. Өздеріңізге белгілі, бала күнделікті қайталанатын дене жаттығуларынан жалығып кетеді. Ал біздің мақсат – баланың физикалық қабілетін дамыту. Сондықтан дене жаттығулары түрленген сайын баланың да оны орындауға құлшынысы арта түседі. Пилатес әртүрлі құрал-жабдықпен өтеді. Бірақ оны әр тәрбиешінің қолдан жасап алуға мүмкіндігі бар. Гимнастиканы джунгли жануарларының дауысын, қимыл-қозғалысын қосу арқылы түрлендіруге тырыстым.
Әсел АЛДОҢҒАР, мектепалды топ тәрбиешісі, жас маман:
– Семинар барысында «Сиқырлы магнит» зерттеу жұмысын таныстырдым. Мақсатым – балаларға магниттің физикалық қабілетін ойын түрінде жеткізу. Ол үшін ақ халат пен лабораториялық көзілдірік киіп, топтың ішінде әйнекті есік жабдықтадым. Арнайы әуен қосылғанда балаларға зиянсыз түтін шығаратын құрылғының көмегімен әйнекті есіктен топқа кірдім. Сонымен қатар балалар ойын түріндегі қызықты тапсырмаларды орындау арқылы магнитті сан қырынан таныды.
Әсел ДИХАНОВА, ересектер тобының тәрбиешісі:
– Тәжірибе алаңында ертегі терапиясын таңдадым. Бұл –баланың қиялын, сөйлеу өнері мен шығармашылық қабілетін дамытуда орасан зор пайдасы бар педагогикалық әдіс. «Дос тапқан үйрек», яғни Андерсеннің «Гадкий утёнок» ертегісін балалармен бірге көлеңкелеу әдісін пайдалану арқылы баяндадық. Бір топ бала ертегіні артынан жарық түсіп тұрған қолшатырдың ішіне арнайы қиылған кейіпкер суретінің көмегімен сомдап отырды. Бұған қоса балалардың басқа тобы ертегі барысында айтылған жұмыртқа, су, түрлі-түсті бояу арқылы эксперимент жүргізді. Сергіту сәтінде балалар нейрожаттығу жасады. Ертегі терапиясында бала барынша өзін ертегі әлеміне түскендей сезінуі үшін арнайы қобызшы мен саксофонистті шақырдық.
Мектепке дейінгі мекеме жұмысының маңызды бір бағыты – ата-анамен жұмыс. Осы орайда семинар барысында «Сіз танитын сиқыршы» атты қызықты тренинг те ұйымдастырылды. Тренингте бала тәрбиесіндегі ананың рөлі қозғалды.
Гүлперизат ОРЫНБАЕВА, балабақша психологы:
– Бала ерекше көңілді қажет етеді. Өмірде сіз де қателестіңіз. Сондықтан балаға «бала» болуға мүмкіндік беру керек. Ол үшін ата-ана бақытты болуы маңызды. Баланы өзімізден жоғары қоюды доғарайық. Бала деп жүріп, әсіресе аналар өздеріне көңіл бөлмей кетеді. Тренингке қатысқан аналарға осыны түсіндіруге тырыстым. Тренинг соңында психологтарға хат таратылды. Хат ішінде қатысушы аналардың бала күніндегі суреті бар еді. Олар өздеріне айтпай, бұл суретті қалай тапқанына таңғалып, көбі бала кездегі бақытты шақтарына ойша саяхат жасағандай болды.
Тәжірибе алаңын балабақшаның ән-әуез жетекшісі «Орф педагогика» атты шеберлік сағатымен аяқтады.
Сәуле ЕРМАНОВА, ән-әуез жетекшісі:
– Карл Орф негізін қалаған бұл педагогикалық әдіс әлемнің 40-тан аса елінде қолданылады. Оның әдістемесіне сүйенсек, маңыздысы музыкаға баланы дыбыс пен қимыл-қозғалыс арқылы баулу. Орфтың ойынша, бала тек тыңдап ғана қоймай, өзі де авторлық туындыларын жазуы тиіс. Осылайша біз музыкадан хабары бар баланы ғана емес, өзіндік көзқарасы бар жеке тұлғаны қалыптастырамыз. Сонымен қатар арнайы ойын мен жаттығулар арқылы семинар қатысушыларына бала дамуындағы музыканың рөлін жан-жақты түсіндіруге тырыстым.
P.S Семинар соңында келген қонақтар өзара пікір алмасып, тәжірибе алаңын ұйымдастырған ұжымға алғыс білдірді. Пікір айтқан адамның көбі бұл шарадан көргенін өз тәжірибесінде қолданатынын айтты. Бұл мақаланы жазудағы ойымыз да осы. Аудандардың бірінде жастар газетін қолына алған жас тәрбиеші жазылғанның ішінен өзіне идея мен оны жүзеге асыратын шабыт алса өткен семинардың да, жазылған мақаланың да өз мақсатына жеткені.
Әсел БЕГМАН,
№3 «Алтын Орда Шұғыла» бөбекжай бақшасының
педагог-ұйымдастырушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!