Қазақстанда «Алтын белгіге» үміткерлер НЗМ базасында математика бойынша емтихан тапсыруы тиіс деген талап алынып тасталады. Түзетулер жобасын «Ашық НҚА»порталында талқылау үшін ұсынылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2022 жылдың мамыр айында бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов үздік белгіге үміткерлерді объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өткізілетінін айтты.
«Үміткерлер НЗМ негізінде математика емтиханын тапсыруы керек. Бұл шара тек академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын түсіну маңызды. Бұл ретте НЗМ-ге тапсырушылар үшін де, жалпы білім беретін мектептер базасында тапсырушылар үшін де тапсырмалар бірдей болады», – деген еді Аймағамбетов.
Жаңа ережелер жобасында бұл талап «қорытынды аттестаттаудан өту кезінде білім алушыға қолайлы жағдай жасау мақсатында» алынып тасталады.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 5-8, 10 сыныптарда қазақ тілінен емтихан тапсыру ұсынылғаны хабарланды.
Сондай-ақ, ережеде БЖБ және ТЖБ үшін қорытынды балл қою кезінде оқу тапсырмалары мен міндеттерінің шарттарын белгілеу және ресімдеу ескерілмейтіні, мінез-құлық үшін баллдар төмендетілмейтіні нақтыланады. ТЖБ өткізер алдында педагогтар оқушылармен тапсырмалардың оқу мақсаттарына сәйкестігін, тапсырмалардың көлемін талқылап, оларды орындау үшін нұсқаулық беруі тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!