Фото: ser-per.kz
Әне-міне дегенше жаз бітіп, уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Екі аптадан соң мектептерде қоңырау соғылып, қызу өмір басталады. Оқуға түскен студенттер де жаңа өмірге қадам басқалы тұр. Қыркүйек жақындағаннан кез келген ата-ананың мақсаты – баласын мектепке толық дайындап, керек-жарағымен қамтамасыз ету болатыны белгілі. Студенттер де жаңа ортаға жаңа стильмен барғысы келетіні анық. Ал оқуға дайындықтың құны қанша?
Мектепке дайындық құны – 43 мың теңге
Оқу ағарту министрлігі әр баланы мектепке даярлау үшін 43 мың теңге жеткілікті деп есептеп, қаражат аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілетінін хабарлады. Қымбатшылық кезеңінде бұл ақпаратты естіген көп ата-ана шошынды. Себебі қазір мектептің фор- масын алудың өзі біраз қаржыны талап етеді. Мемлекеттен бұл көмекті кімдер және қалай алады?
– Бұл – 5 түрлі санатқа берілетін көмек. АӘК, күнкөріс деңгейі төмен отбасылар, жетім және ата-анасыз қалған балаларға беріледі. Тиісті қаражат қазір барлық өңірге жеткілікті түрде бөлінді. Ақша жергілікті бюджеттен қарастырылып, мектеп арқылы төленеді. Яғни, мектеп директорының атына өтініш жазады. Шешім қабылданған соң ата-ананың шотына ақша аударып береді, – дейді ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Министрліктің пайымдауынша, биыл 500 мың балаға қаржылай қолдау көрсетіліп, оның 77 мыңнан астамына бюджеттен 3,4 млрд теңге аударылды.
– Жыл сайын мектеп формасының құны өседі. Арзан дегеннің өзінде ақ жейденің бағасы – 7 мың теңге, ал шалбар мен белдемшенің құны – 8 мың. Одан бөлек, спорттық костюм, аяқ киім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Қазір әр үйден кем дегенде 3 бала мектепте оқиды. 4 тоқсанда мектеп формасы азып-тозады. Оны балаға қайта кигізе алмайсың. Одан бөлек, кеңсе тауарлары да әп-сәтте таусылады. Өз басым үш баламды жаңа оқу жылына сақадай сай ету үшін 250 мың теңге жұмсадым. Ал мұндай қаражат көптің қалтасына салмақ түсіретіні анық, – дейді ата-ана Әйгерім Базарбаева.
Аймақтағы кеңсе тауарларының бағасына шолу жасап көрейік: қысқа сызғыш 35 теңге, ал 30 сантиметрден ұзын сызғыштың бағасы 350 теңгеге дейін жетеді. Мектеп күнделігінің бағасы 1000 теңгеге дейін, компас жиынтығы 250 теңгеден бастап 1350 теңгеге дейін, қалам салғыштың құны 350 теңгеден басталады. 12 беттік дәптердің бағасы – 20 теңге. Бұл – тек ең маңызды деген керек-жарақтардың құны.
«Мектепке жол» акциясы
Жыл сайын елімізде республика көлемінде 15 жылдан бері дәстүрлі түрде «Мектепке жол» акциясы өтеді. Бұл науқан аз қамтылған, ата-анасынан айырылған немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жаңа оқу жылына еш қиындықсыз баруына көмектеседі. Акцияның маңызы жоғары, сол себепті еліміздің белді азаматтары мен кәсіпкерлеріне, депутаттар мен барлық ұйымдарға осы науқанға белсенді қатысуға шақырту жіберілді. Әрине, халық жанашырлары қол ұшын созып, әр баланың мектепалды дайындығына үлес қосса абзал. Дәстүрлі шара 1-30 тамыз аралығында өтеді.
Ал бүгінде қызылордалық мекемелер қайырымдылық акциясына белсенді қатысып, бүлдіршіндерді керек-жарақпен барынша қамтамасыз етіп жатыр.
Оқу орны сән алаңы емес
Жоғары оқу орнына түскендердің жайы қандай? Ересектердің киімі балаларға қарағанда бірнеше есе қымбат. Бүгінде киімнің сапасына да сызат түскендей. Бір жыл киген киімің екінші жылға жарамайды, аяқ киімдердің де бағасы шарықтап тұр. Десе де мектеп табалдырығындағы баладан университет қабырғасындағы адамның шығыны аз. Тек «сән қуып», университетті подиумға айналдырған жандардың ғана қалтасына салмақ түсетін секілді. Қазіргі жастар трендтен қалғысы жоқ, сәті түссе сәнді киім кигісі келеді.
Елімізде ақылы оқу құны жоғары, осы орайда баласы ақылы оқуға түскен ата-ана үшін оны университетке дайындап жіберу ауыртпашылық тудыруы мүмкін. Өзге қалаға кететін болса әңгіме тым бөлек. Себебі жатақхананың да бағасы арзан болмайды. Бұл кез келген қамқоршының қалтасына салмақ салады. Алайда оқу орны сән орталығы емес екенін ұмытпаған абзал. Бастысы білім алу, жақсы маман атану.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!