Бұған дейін «Тіл туралы» Заң бойынша көрнекі ақпараттарды жазуда мемлекеттік және орыс тілдерін қатар қолданылып келген еді. Енді өзгеріске енген жаңа Заңмен тек мемлекеттік тілді қолдану міндеттеледі. Бұл жайында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова толық ақпарат берді.

«Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейтуде көрнекі ақпарат тілінің алатын орны ерекше. Өзгеріске енген «Тіл туралы» Заңның 19-бабына әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі, тарихи қалыптасқан қазақша атауларын мемлекеттік тілде жазу туралы айтылған. Бұған дейін бұл атаулар мемлекеттік тілде және басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлген болса, қазіргі Заң нормасы атаулардың тек мемлекеттік тілде жазылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Заңның 21-бабында көрнекі ақпараттар қазақ тілінде қатесіз жазуға міндеттейді. Яғни, көрнекі ақпарат мәтіндерінің түпнұсқа мағынасын сақтап аудару талабы қатаң ескерілуі тиіс», – деді Мира Жомартқызы.

Сонымен қатар 21-бапта мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілерін мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс немесе басқа да тілдерде жазу туралы өзгерістер енгізілді. Ал, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгеріссіз жазылады. Заңға енгізілген бұл нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін нақтылайды.

Айта кету керек, заңға енгізілген өзгерістерді шағын, орта, ірі кәсіпкерлік субъектілер арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу үшін ақпараттық-насихаттық топ құрылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!