Жыл сайын Назарбаев зияткерлік мектептерінде дәстүрлі түрде көктемгі ғылыми жобалар байқау өтеді. Ғылым мен білімге жақын зияткерлердің мүмкіндігін танытатын биылғы Наурыз кездесулері «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналды. Елдің түпкір-түпкірінен жиналған дарынды оқушылардың қатарында қызылордалық жас ғалым Нұрбол Жақсылық та бар. Ол Түркістан қаласында өткен ғылыми жобалар көрмесіне «ұшатын фермер» жобасын ұсынды.

  Алдымен республиканың әр өңірінен жиналған НЗМ оқушылары мен жалпы білім беретін мектептердің білім алушылары қазақ, ағылшын және орыс тілінде өткізілген вебинарға қатысып, отандық және шетелдік спикерлермен пікір алмасты. Шарада жасанды интеллект, цифрлы технологиялар, робототехника, инженерия, сәулет және экология саласының мамандары ой бөлісіп, оқушылардың танымын кеңейтті. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге қойылған жас ғалымдар мен өнертапқыштардың STEAM жобалары медицина, экология, физика саласына жасанды интелелектті енгізуге арналған. Қызылордалық зияткер Нұрбол құрастырған  ұшу аппараты да ауылшаруашылық саласындағы мәселенің оң шешімі болады күтілуде. Себебі қондырғылар үлкен алқаптарды тынайтқыштармен құнарландыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде дихандардың жұмысын жеңілдетеді.  

‒ Бүгінде пилотсыз ұшу аппараттар технологиясы қарқынды дамып келеді. Қазір өндірістің көптеген саласы автоматтандырылған жүйеге көшуде. Біздің жобамыз егін саласында пилотсыз ұшу аппараттарын қолдануға бағыттылған. Бұл фермерсіз-ақ үлкен аумақтарды тынайтқыштармен байытуға мүмкіндік береді. «Ұшатын фермердің» өзге дрондардан айырмашылығы – ұшу уақытының ұзақтығында. Әрі құрылғы климаттық жағдайға төзімді болып келді, – дейді жас ғалым.

Шара барысында экологиялық жобалардың үлкен сериясы дайындалды.  Оның ішінде істен шыққан техникалар бойынша «Екінші өмір» жобасы, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды ақылды жинауға, атмосфераны және жалпы табиғатты сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған роботтар мен роботтық жүйелер бар. Сондай-ақ Наурыз кездесулерінде бағдарламанған оқу-жаттығу дрондарының ұшуы, «Ең сейсмикалық төзімді құрылым» командалық ойыны, жас өнертапқыштар құрастырған «NIS Intell Race» автожарысы мен «Алтын сақа» ойыны жоғары бағаланып, келушілердің ерекше ықыласына бөленді.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!