Аймағымызда алғаш рет «Серіктес директорлар» лигасы құрылып, қала, ауыл мектебінен 30-ға жуық директор бірігіп, түрлі бағыт бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде 20 бағыт айқындалып, әр мектеп өзіндік жобаларды дамытып, үздік тәжірибені өзге мектептерге тарату үстінде. Осылайша бір жыл ішінде 20 мектеп өз жобасын 100 мектепке енгізеді.
Мұндай жаңашылдықтың өскелең ұрпаққа берері көп. Мәселен, қаламызда экологиялық жобаларды жасайтын мектеп бар. №101 мектеп-лицейдің жылыжай кешенінде бірнеше өнім өндіріледі. Сондай-ақ оқушылар қатты қалдықтарды кәдеге жаратып, биоотын әзірлеуге көшті. Энергия мен судың тұтыну деңгейін зерттеп, ғылыми жаңалық жасауда. Ал №261 орта мектепте оқушылар қолөнер жәрмеңкесін ұйымдастырып, түскен қаржыға қайырымдылық шарасын өткізеді. Мұнан бөлек, мектепте «Әкелер академиясы», «Әжелер академиясы» ашылған. Бұл мектепте басқару құқығы оқушыларға берілген. Тағы бір мектеп – кәсіпкерлер мектебі ретінде оқушыларды бизнеске бағыттайды.
– Биыл Қызылорда облысының Білім басқармасының «Серіктес директорлар» лигасы құрылып, жұмыс жасауда. Мақсат – жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу тәжірибесіндегі ерекшеліктер мен қалыптасқан дағдыларды кеңінен тарату. Жыл бойына жоспарланған, ұйымдасқан іс-шаралар арқылы әр мектептің бағытымен, ондағы жаңалықтармен бөлісіп отырмыз. Өз мектебіме келетін болсақ, Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицей 2015 жылы ашылған. Мамандардың көпшілігі – жастар. Сондықтан да тақырыбым – «Жас маман. Озат тәжірибе». Мектепте жаңартылған білім мазмұнының қыр-сырын үйрету, түрлі әдіс тәсілмен сабақ беру сынды, шеберлік сағаттарын өткіземіз. Мектептегі тренерлер және деңгейлік сатыдан өткен ұстаздардың өз тәжірибесімен бөлісуінің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Алдағы уақытта 2021-2022 оқу жылында «Кәсіпкерлік мектеп» пилоттық жобасымен жұмыс істегелі отырмыз. Ондағы мақсат – мектеп оқушыларын қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша даярлау, жоғарғы сынып оқушыларының жалпы орта білім алуымен қатар, белгілі бір мамандықты игеріп шығуын қамтамасыз ету, келешек мамандығын таңдауға бағытталған кешенді іс-шараға тарту, – дейді №278 ІТ мектеп-лицей директоры Эльмира Азатбаева
Ал №3 ІТ мектеп-лицейде «ІТ Digital» студиясы ашылып, балалар телевидение арқылы жаңалық таратуға мүкіндік алады. Сондай-ақ оқушылар SMM, мобилиография курсын тегін оқып, 3D принтер арқылы футболкалар мен кружкаларды таңбалап, арнайы сыйлық жасап, қаржы таба алады.
Лига құрамындағы №140 орта мектепте балалар ерте кезден ғылымға енуге мүмкіндік алған. Ол үшін «Метеорология» тәжірибелік-зерттеу алаңы ашылып, оқушылар ғалымдармен тікелей бірге жұмыс істеуге көшкен. Ал №176 орта мектеп кітап оқудың жаңа кейстерін дамытатын мектеп ретінде жаңа жоба бастаған.
– Серіктес директорлар лигасында мектептердің барлығы өз білім көкжиегінде маңызды жобалармен жұмыс жүргізуде. Біз де өз мектебіміздің ерекшелігін ескере отырып, алдағы уақытта инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында игі бастамаларға жол ашпақпыз. Себебі мектебімізде мүмкіндігі шектеулі 43 оқушы білім алады. Жалпы инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі міндеттері кедергісіз қолжетімді орта құру және білім алушыларды компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету, инклюзивті білім саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу. Осы мақсатта мектебімізде жұмыс жоспары жасалды. Жоспарда ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін жеке білім траекториясын жобалау, балаларды қосымша білім беру бағдарламасына тарту, ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтендіру мен отбасының рөлі яғни ата-анамен де жұмыс жасау жоспарланды. Ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналары арасында «Сүйіспеншілікке толы жүрекпен» атты қарым-қатынас клубы құрылып, ай сайын оқу сағаттары өткізіледі. Әр балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мақсатында мектеп психологтары, мектеп дефектологы өз жобасын жалғастыруда. Осы мақсатта психикалық дамуында тежелуі бар балаларға арналған «Үміт алақаны» жеке дамытушылық бағдарламасы жасалуда, – дейді №257 орта мектеп директоры Гүлмира Сүлейменова.
Алдағы уақытта «Серіктес директорлар» шетелдік озық тәжірибелер мен үздік идеяны мектепке енгізуді бастайды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!