№271 орта мектептің 7-сынып оқушысы Жаннұр Аман оқу озаты. Ол «Тұлпар мініп ту алған!» байқауының Қызылорда қалалық кезеңінде 100-ге жуық оқушы арасынан үздік шығып, бірінші орынды иеленді. «Едіге батыр» жырын толық жаттап алған зерделі жас байқауға қатысуға өзі ниет білдірген екен.
– Өзім қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқимын. Сондықтан жыр жаттауда ондай үлкен қиындық болған жоқ. Жыл басында басталған байқау туралы ұстазым Гайнегул Аймыратова апайымнан естідім. Бірден қызығушылығымды оятты. Барлығына батырлар жырын оқуды ұсынар едім, – дейді ол қуана.
Жаннұрдың жыр жаттауға жетекшілік етіп жүрген мұғалімі Гайнегул Аймыратова кез келген оқушы – талантты деген қағиданы ұстанады.
– Жыр жаттау кезінде төменгі сынып болған соң қиындықтар кездесіп жатыр. Алайда, Жаннұр өз талпынысымен, алға қойған мақсаттарына жетеріне сенімді. Қазір «Едіге батыр» жырын жатқа оқудан облыстық байқауға дайындалып жатырмыз. Жаннұр бұған дейін түрлі олимпиядаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Сәтін салса алдағы уақытта да үмітімізді ақтайды деп сенеміз, – дейді Г. Аймыратова.
Ұстаз үшін ұрпақ тәрбиесі қашан да маңызды. Елдің ертеңі, келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Жыр жаттау арқылы қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бай мұраларды насихаттайды. «Едіге батыр» жырын жаттауға кіріскен оқушыларымыз байқауды қызығушылықпен қабылдап жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!