Күздің қоңыр кеші еді. Жаңа оқу жылы басталып, білімге деген ізденісіміз бір сатыға жоғарылағандай күймен сабаққа белсене қатысып жүрміз. Сондай күндердің бірінде үйге келсем, көкем бір мектепке іссапармен барғалы жатыр. Анықтап сұрасам, «Жақаевшылар мектебі» екен.
Қызық. Ондай мектепті бірінші рет естіп тұрмын. Демек, Жақаев деген кісі мықты ақын не жазушы, болмаса ұстаз болып тұр-ау деп ойладым. Әйтпесе атын ардақтап, тегімен мектеп атайтындай атақты болмас еді. Не болса да, көңілімде күмән қалмасын деп, ол кісі туралы зерттей бастадым.
Тағы да қызық күй кештім. Мен тек әдебиетке не мәдениетке еңбек еткендер ғана ел есінде қалады деп ойласам, қарапайым шаруа жасап та, жүзден жүйрік шығуға болады екен. Оның бір дәлелі – күріш өсіру арқылы әлемдік рекорд жасаған Ыбырай Жақаев. Кейбіреулер диқандық қызметті менсінбеуі мүмкін. Алайда Ыбырай атамыз өз жұмысын жақсы көріп, адал еңбек еткендіктен еліне пайдасы тиген, әлемді мойындатқан тұлға болды.
Мен «Жақаев мектебі» жайлы есту арқылы оның өміріне үңіліп, үлкен ойға тоқталдым. Адам қай ортада, қандай қызметте жүрсе де, өз ісінің маманы, өз жұмысының адалы болса, кез келген асуды алып, биікті бағындырып, өзінің мектебін қалыптастырады.
Элеонора САЗАНБАЙ,
Қазалы ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы
№91 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!