Жаңа белеске бағыт алған жас маманда арманға толы тілек пен толқы­ныстың қатар жүретіні рас. Әсіресе жоғарғы оқу орнын тәмамдап, белгілі бір салада жауапке­ршілік алғалы тұрған түлектерден болашаққа деген үлкен сенім ұшқынын байқауға болады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда униве­р­ситетінің бітіруші түлектері де салтанатты түрде диплом табыстау шарасында осындай әсерлі сәттің куәгері болды.

Аймақтағы ғылым мен білімнің ордасына айналған сексен бес жылдық тарихы бар университетте түрлі сала бойынша сегіз мыңға жуық студент білім алуда. Осы жылы университетті Гуманитарлық-педагогикалық институты, Жаратылыстану институты, Экономика және құқық институты, Дәстүрлі өнер институты, Инженерлі-технологиялық институты бойынша 2159 түлек бітіріп, оның 200-ге жуығы үздік диплом иеленді. Осылайша ел болашағы үшін еңбек ететін мамандар қатары тағы бір жас буынмен толықты.
Салтанатты жиын барысында Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова түлектерге сәттілік тілеп, универсиеттет қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ білім сыналатын байқаулар мен қоғамдық шараларға белсене қатысып, оқу орнының мақтаны­шына айналған түлектерді алғыс хатпен марапаттады.
– Ғылым мен технологияның дамуы қоғамда жаңа мамандық иелеріне сұраныс туғызуда. Сондықтан елімізге қажетті маман даярлау ісіне басымдық берудеміз. Білім алушылардың мықты маман, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы ерекше назарда. Университетте ғылым саласын дамыту, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары кең қанат жайды. Ғылыми зерттеу жұмысын жалпы қаржылан­дыру көлемі 20%-ға өсті.
Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университе­тін 2159 түлек бітіруде. Біз үшін әр шәкірттің өмірден өз орнын тауып, сапалы маман атануы өте маңызды, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Осы кезге дейін мыңдаған түлектің жарқын болашағына жолдама берген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті еліміз бойынша үздік университеттердің қатарында. Қазақстанның үздік көпбейінді жоғары оқу орындарының рейтингісінде 7-ші орында орналасқан білім ордасы үздік түлектерін мақтаныш етеді. Сөзімізге дәлел, жиын барысында «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, университет түлегі Мақсат Исағабыловқа «Қорқыт ата атындағы Алтын медаль» табысталды. Сыр елінің абыройын асқақтатып жүрген Мақсаттың еңбек жолында ұстаздардың да өлшеусіз үлесі бар екені анық.
Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 62 бакалавр, 36 магистратура және 13 докторантура білім беру бағдарлама­лары бойынша мамандар даярланады. Оған қоса білім ордасында жастардың тұлға болып қалыптасуына барлық жағдай жан-жақты қарастырылған.
− Студенттік өмір жастардың дамуына, қоғаммен араласуына жол ашып, көшбасшы болуға үйретеді. Дәстүрлі өнер институтында музыкалық білім мамандығы бойынша оқи жүріп, студенттер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқардым. Ал үшінші курстан бастап университетте жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы болып қабылдандым. Ұстаздарым маған осындай мүмкіндік беріп, жауапкершілік пен үлкен сенім артты. Тарихы мен тағылымы мол білімнің қарашаңырағы − ғалымдар, академиктер мен білікті мамандардың ордасы. Сондықтан осы оқу орнында білім алғаныма қуанамын және мақтан етемін, − дейді бітіруші түлек Нәби Маратұлы.
Айта кетейік, бүгінде оқу орны 170 шетелдік университетпен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Нәтижесінде білім алушылар «Академиялық ұтқырлық», «Қос диплом» бағдарламасы бойынша АҚШ, Түркия, Польша, Бельгия, Словакия және отандық оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтауда. Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда «Ішкі академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы 200-ге жуық студент білім алған.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!