Білім күні бүкіл халықтық мереке. Бұл мейрамның әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балалардың жүрегінде бүгінгі күн мәңгі сақталады. Жарқын болашағына маңызды қадам жасайтын күн. Қызылорда қаласында барлық білім ошақтарында Білім күні аталып өтілді. С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейі де оқушыларды дәстүрлі оқытуды бастады. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ордасынан көптеген зиялы қауым өкілдерімен ғалымдар түлеп ұшқан. Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы да біздің мектепте білім алғанын мақтанышпен айтамыз.


Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы

Алмат РАХМЕТОВ, С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейінің директоры.

– Өткен оқу жылында мектеп бітірген 34 түлектің 18-і мемлекеттік білім гранты бойынша, 14-і түрлі оқу орындарының ішкі гранттары бойынша оқуға орналасты. Ал биылғы оқу жылында 93 бала 1-сыныпқа қабылданды. Мектеп ұжымы жаңа оқу жылын бастауға толығымен дайын. Барлық санитариялық талаптар орындалды. Дәстүрлі форматта оқыту туралы Президент Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімі – оқушылардың білім сапасын арттыру және өткен оқу жылындағы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қабылданған оң шешім. Сондай-ақ, оқу жоспарына «Әліппе» пәнінің қайта енгізілуі биылғы 1-класқа келген бүлдіршіндер үшін өте қуанышты жаңалық! Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жасаған Әліппе оқулығы баланың зейінін ашатын, білімге жетелейтін бірден-бір құрал екені даусыз. Әліппесіз мектептің сәні жоқ, мектепсіз – әліппенің де мәні жоқ! Осыны ескерген Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлының тапсырмасы бойынша біз бүгін Әліппе оқулығын 1-класқа келген бүлдіршіндерге салтанатты түрде табыстадық. 

Егіз қыздар Нұрғаным мен Бірғаным бүгін 1 «В» сыныбына келді. Лицейге кірген бойда мейірбике Айдана Өтеген балалардың дене қызуын өлшеп, денсаулығын бақылады.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы

Сынып жетекшілері отыз жылдан астам еңбек етіп жүрген тәжірибелі ұстаз – Айкенже Шамаханова.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы
Айкенже Шамаханова оқушыларды құшақ жая қарсы алды.

Сақыпжамал Қойшығұлова да мектебіміздің білікті ұстазы. Осы салада табан аудармай отыз жылдан аса жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірттері түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Ардақты ұстаз биыл 1 «Б» сыныбын қабылдады.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы

1 «Б» сыныбына келген талапты бала Болат Гүлханым ұстазына ана туралы тақпақ айтып берді.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы
Болат Гүлханым 1 «Г» сынып оқушысы

Ал, жас та болса өзі ісіне мығым Жүнісова Балгүл жетекшілік ететін 1 «Г» сыныбында «Кел, балалар, оқылық…» атты ашық сабақ өтті.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы
Балгүл Жүнісова шәкірттерімен

Бала десе жанын беруге дайын ұстаздарымыздың бірі Мейрамкүл Абдрахманова. Мейрамкүл ұстазға ата-аналардың ықыласы ерекше. Онлайн оқу кезінде оқушылары видео қоңыраумен апайын көрмесе жылап қалады екен. Жүрегі мейірімге толы мақсатшыл ұстаз биыл 1 «А» сыныбына бүлдіршіндер қабылдады.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағы
Абдрахманова Мейрамкүл оқушыларға әліппе таратып берді.

Қаланың шет ауданында тұрса да алдыңғы балалары осы мектепте оқыған соң, нәтижесіне көңілі толып кішкентайларын да 1 сыныпқа әкелген ата-аналар бар.

Алтынай ІЗДІҚҰЛОВА, ата-ана:

– Қызым Нұрай Нұрболқызын С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ  мектеп-лицейіне 1- сыныпқа оқуға алып келдім. Мектеп таңдарда көп ойландық. Осы мектепке тоқталдық. Себебі бұл мектептің тарихы терең, көптеген танымал тұлғалар шыққан . Түлеп ұшқан биылғы бітірушілерінің грантқа түскеніне қарап көңілім толды. Білім беруде өзіндік жүйесі қалыптасқан оқу орны. Сондықтан, білікті ұстаздардан білім алсын,  болашағы жарқын болсын деген мақсатпен осы мектепке әкелдік. Пандемияға байланысты біраз сұрақтарым болған. Мұғалімдер толық түсіндіріп, көңілімдегі алаң сейілді.

Бұл С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейінің биыл бірінші сыныпты қабылдаған білікті ұстаздары. Жыл сайын халықаралық пәндік сайыстарға бала дайындап, жүлделі орындар алып жүрген ұстаздар. Ізденуден талмайтын, әр баламен жеке жұмыс істеп, талантын тани алатын білімді ұстаздардың еңбек жолы біздей жас мамандарға үлгі өнеге.

Араға біраз уақыт салып бүгін лицей іші оқушылар мен ұстаздардың қызу тіршілігімен қайта сәні кірді. Жаңа бастамалардың, жаңа ізденістердің, жаңа идеялардың мекені – білім ошағы. Оқушылардың қадамы құтты болсын, еңбек ұжымы табысқа кенелсін!

Айнұр ІСКЕНДІРҚЫЗЫ, С.Сейфуллин атындағы №4 ақпараттық технология мектеп-лицейінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!