Ғылым саласын республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Былтыр 6 гранттық қаржыландыру конкурсы ұйымдастырылған. Одан бөлек облыстық бюджеттің есебінен жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы ректор Бейбіткүл Кәрімова мәлімдеді.
– Былтыр Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қорытындыладық. Нәтижесінде екі бірдей археологымыз биыл Тюбинген университетінде докторлық диссертация қорғайды. Оқу орнымызда жас ғалымдардың ізденістеріне де қолдау қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы университеттің жас ғалымдарына арнайы 10 млн теңгені құрайтын 4 грант тағайындалды. Биыл осы гранттар игерілген соң, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне арналған жаңа конкурс жарияланады. Сонымен қатар былтыр сегіз жас ғалым PhD докторлық диссертациясын қорғады. Студенттердің ғылыми жұмыстарына арналған түрлі деңгейдегі конкурс нәтижелері бойынша жалпы 85 студент жүлделі орынды иеленді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!